Almaty Open халықаралық теннис турнирінің басталуына санаулы күн қалды

11.10.2024 20:10

Байрақты бәсекеге 25 елдің 80 теннисшісі қатыспақ

Almaty Open халықаралық теннис турнирінің басталуына санаулы күн қалды. Төрткүл дүние көз тіккен байрақты бәсекеге 25 елдің 80 теннисшісі қатыспақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ATP 250 турнирі халықаралық маңызға ие жарыс болғандықтан дайындық жоғары деңгейде жүріп жатыр. Бұл – бірінші теннис корты. Турнирдегі ойындардың жартысына жуығы осы жерде өтеді. Тартысқа толы ойындарды мыңға жуық көрермен тамашалайды. Ал турнирдегі басты арена 6 мың адамға шақталған. Матчтарға қатыса алмайтын тұрғындар үшін ойын онлайн трансляция арқылы көрсетіледі.  

"Техникалық жаңашылдықтарға тоқталсақ, биыл трансляция кезінде жылдамдықты өлшеу құрылғысы қатар жұмыс істейді. Яғни доптың кортқа түскен-түспегенін анықтауға мүмкіндік болады. Көрерменді қызықтыратыны да – сол. Олар доптың қай траекториямен ұшқанын, сызыққа тиген тимегенін көруге құмар. Сондықтан эмоцияға толы сәттер көп болады деп ойлаймын", – деді Қазақстан теннис федерациясы баспасөз қызметінің басшысы Павел Цыбулин.

Теннис турнирінің қарсаңында Almaty Arena спорт кешенінде, қала көшелері мен саябақтар да безендіріліп жатыр. Онда теннис ракеткасы мен добына ұқсас жасалған туындылар орнатылған. Ал өнер сүйер қауым үшін суретшілер мурал салыпты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, қалада 10 кіші ойын алаңы құрылады. Онда келушілер кәсіби жаттықтырушылардан ойынның қыр-сырын үйрене алады. 

"Біз ересектер мен балаларға арналған кіші ойын алаңын орнатып жатырмыз. Кез келген адам қатыса алады. Олар Арбат, Тұңғыш президент саябағы, ботаникалық бақ пен 28 гвардияшы-панфиловшілер саябағында және Family parkте құрылады", – деді Қазақстан Теннис федерациясы PR  және маркетинг бөлімінің басшысы Гүлмира Закирьянова.

Төрткүл дүние көз тіккен Almaty Open теннис турнирін 40-қа жуық елдің 8 миллионнан астам көрермені онлайн режимде тамашалай алады. Ұйымдастырушылар трансляция теннис федерациясының ресми сайтында көрсетілетінін еске салады. Ойындар отандық 5 телеарнаның эфирінен шығады. Турнирдің ресми ақпараттық серіктесі – «Алматы» телеарнасы да бар. 

Еркебұлан Серікұлы, Владислав Иващенко, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Әбиба Әбужақынова Абу-Дабидегі турнирдің алғашқы айналымында жеңіліп қалды