Алматыда джиу-джитсудан Азия чемпионаты басталды

13.07.2026 21:18

Халықаралық додада 27 елдің спортшылары күш сынасып жатыр

Алматыда джиу-джитсудан Азия чемпионаты басталды. Жеті күнге жалғасатын халықаралық додаға 27 елден келген 1300-ге жуық спортшы қатысып, құрлықтың үздіктері өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһардың ең ірі спорт кешендерінің бірі – «Алматы Аренада» джиу-джитсудан ересектер арасындағы X, ал жасөспірімдер арасындағы ІІІ Азия чемпионатының жалауы желбіреді. Байрақты бәсекеде Қазақстанмен қатар Малайзия, Иордания, Біріккен Араб Әмірліктері, Камбоджа, Бахрейн және Қытай секілді 27 елден жиналған 1300-ге жуық саңлақ өзара сайысқа түспек.

«Жарыстың маңыздылығы өте зор. Өйткені бұл жарыс - Азия ойындарының алдында өтіп жатқан чемпионат. Бұл жерге барлық ел мықты спортшыларын алып келіп, рейтинг дәрежесін көтеріп алуға, сондай-ақ мықтылардың деңгейін байқап, Азия ойындарында жақсы өнер көрсете ала ма, соны саралауға мүмкіндік алып отыр», – деді Қазақстан джиу-джитсу қауымдастығының президенті Қуат Сағиев.

Бүгін - джиу-джитсудан өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы күні. Дәл қазір бозкілемде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер джиу-джитсудан, ал 16–18 жас аралығындағы спортшылар дуо классик және дуо шоу нұсқалары бойынша сынға түсуде.

Биылғы чемпионаттың басты ерекшеліктерінің бірі – жарыстың Азия елдерінде тікелей эфирде көрсетілуі. Бұл миллиондаған көрерменнің спортшылардың өнерін бір уақытта тамашалауына мүмкіндік береді.

«Бұл турнирге өте жақсы дайындалдым және бұл жарыс мен үшін өте маңызды. Мен бүгін Қазақстан атынан күресемін. Бұл – мен үшін көптен күткен дода. Жаттығулар өте қиын болды. Бірақ мен ешқашан тоқтамадым, өз жұмысымды жалғастырдым», – деді спортшы Айханым Рахметова.

«Бұл менің Азия чемпионатына екінші рет қатысуым. Елімде жақсы дайындықтан өттім, турнирге толық дайынмын. Әрине, барлық спортшы алтын медаль алуды армандайды. Бірақ мен бұл жүлдені өзгелерден де қаттырақ қалаймын», – деді Сауд Арабиясының спортшысы Сұлтан Малас.

Жеті күнге жоспарланған турнир 19 шілдеде аяқталады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай бір күнде бірнеше күрес түрінен сайысқа түседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс елімізде джиу-джитсудың дамуына серпін беріп, халықаралық спорттық іс-шараларды өткізу тәжірибесін арттырады.

Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Райымбек ауданының 90 жылдығы халықаралық деңгейде аталып өтті