"Қайрат" пен "Реал Мадридтің" тарихи ойынына билеттер сатылымға шықты

23.09.2025 21:11

​​​​​​Жанкүйерлер тарихи сәтті тағатсыздана күтіп жүр

Алматыда «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи ойынға тура 7 күн қалды. Билеттер бүгіннен бастап сатылымға шығып, құны 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін саудаланды. Сондай-ақ әрбір жеке сәйкестендіру нөміріне бар болғаны екі билеттен ғана берілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бұл айтулы кездесу 30 қыркүйекте Алматының Орталық стадионында өтеді.  

Рауан Мутаир – «Қайрат» футбол клубының айнымас жанкүйері. Соңғы он жылда ол сүйікті командасының бірде-бір ойынын қалт жібермей, жасыл алаңдағы әр сәтіне куә болып келеді екен. Тіпті, «АлатауФанс» атты жанкүйерлер тобына қосылып, жергілікті команданы қолдаудың ерекше дәстүрін қалыптастырған.

«Қазақстанда «Реалдың» да, «Барселонаның» да жанкүйерлері көп. Өзіме келсем, әрқашан «Реалға» бүйрегім бұрып тұратын. Осы уақытқа дейін Еуропада кімге жанкүйерсің десе, «Реал» дейтінмін. Бірақ ол маған ондай ерекше эмоция сыйлаған емес. Шынын айтсам, Еуропаның ешбір командасы сыйламады. Ал «Қайрат» керемет әсер сыйлады. «Селтикпен» болған ойында да, «Слованмен» өткен пенальтилерде де, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі барлық матчта да керемет әсер алдық», - дейді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Рауан Мутаир.

Биылғы маусым Рауан үшін де, мыңдаған қайраттық жанкүйер үшін де тарихи кезеңге айналды. Себебі, қазақ футболының айбарлы өкілдері тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, Еуропаның даңқты алыбы, испаниялық «Реал Мадридпен» кездеспек. Сондықтан Рауан көп ойланбастан, алғашқылардың бірі болып билет алып үлгеріпті.

«Билеттер сатылымға шыққан сәтте сайтта кезекке тұру өте қиын болды. Дегенмен алып үлгердік. Бұл ойынға тек Қазақстаннан ғана емес, көршілес, бауырлас мемлекеттерден де үлкен қызығушылық танытып отыр. Солардан қалыспай, бәріміз барайық», - дейді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Рауан Мутаир.

Айта кетейік, корольдік клуб пен «сары-қаралар» арасындағы тарихи ойынға билеттер бүгіннен бастап сатылымға шықты. Сауда «Тикетон» платформасы арқылы, сондай-ақ Қайрат футбол клубының ресми сайты мен мобильді қосымшасы арқылы жүргізілді. Әр жанкүйерге бар болғаны екі билеттен ғана ұсынылып, ЖСН енгізу арқылы қауіпсіздік пен сату тәртібі қатаң сақталды. Ал футбол сарапшыларының пікірінше, бұл кездесу елдегі туризм мен спорттық маркетингті дамытпақ. 

«Реал» клубының Қазақстанға келуі ол тек бізге емес, бүкіл Орталық Азияға, ТМД елдеріне, сондай-ақ басқа да елдің өкілдеріне, жанкүйерлеріне керемет жаңалық болып тұр. Расында, бұрын-соңды «Реал» сияқты команда Қазақстанға келмеген. Бұл Қазақстан футболының дамуына үлесін қосады деп ойлаймын. Бұл маркетинг жағынан да ұтымды болып тұр. Өйткені «Қайрат» сынды команданы «Реал Мадрид» арқылы, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі арқылы бүкіл әлем танып жатқан жайы бар», - деді футбол комментаторы Руслан Бақытжан.

«Реал Мадрид» Қазақстанға алғаш рет, тіпті тұтас Орталық Азияға тұңғыш рет аяқ басқалы отыр. Еуропаның ең көп трофейлі ұжымы 6500 шақырымдық сапарды еңсеріп, Алматының Орталық стадионында өнер көрсетпек. Чемпиондар лигасының даңқты қожайыны өз тарихында 15 мәрте Еуропаның басты кубогын жеңіп алып, футбол әлемінде қайталанбас рекорд орнатқан. Бұдан бөлек, 123 жылдық тарихында Испанияның ішкі чемпионатын 36 рет еңсеріп, Ла Лигада теңдессіз көшбасшы атанған. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, мұндай даңқты командалардың да осал тұстары болады.

«Біріншіден, «Реал» үшін ең үлкен қиындықтың бірі – ұзақ жол. Алматыға ұшу оңай емес, мұны мадридтік бірнеше журналист те, сарапшылар да жиі айтып жүр. Бұл – ең ұзақ сапарлардың бірі. Екіншіден, «Реалдың» оң қапталдағы екі қорғаушысы да ойнай алмайды. Сондықтан команда ешқандай тәуекелге бармай, ең мықты құрамын алып келетін сияқты», - деді футбол комментаторы Дидар Есімов.

Ал Алматы халқы тарихи додаға зор ықыласпен дайындық үстінде. Көпшілік бұл іс-шара елдің туризм саласына жаңа тыныс беріп, халықаралық беделін арттырады деген ойда.

«Реалдың Қазақстанға келуі туризмді дамытады деп ойлаймын. Шетелдік азаматтар Қазақстанға келеді, қазақ елін көреді. Және де қазақ футболын дамытады деп ойлаймын», - деді қала тұрғыны Әмірхан Мұхамбетов.

«Реал» – Еуропаның үздік командаларының бірі. Сондықтан осы матч арқылы Еуропадағы жанкүйерлер біз туралы жан-жақты біле бастайды деп ойлаймын. Ал «Қайратқа» алдағы ойындарда сәттілік тілейміз», - деді қала тұрғыны Біржан Үсенов.

Айта кетейік, «Қайрат» пен әйгілі «Реал Мадрид» арасындағы тарихи ойын 30 қыркүйекте Орталық стадионда өтеді. Жанкүйерлер асыға күткен дода Астана уақыты бойынша сағат 21:45-те басталады.

Мәди Мәлік, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елордадағы жаңа жұмыс кестесі кептелісті азайта алды ма