Жарыс шекара қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайтады
Алматыда қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир басталды. Оған ТМД-ға мүше елдердің шекарашылары қатысады. Биыл сайыс Жеңістің 80 жылдығына арналып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараны ҰҚК қарасты шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті мен «Застава тарландары» ардагерлер ұйымы бірлесіп өткізеді.
«ТМД елдерінің арасында жарысқа 5 мемлекет қатысып жатыр. 36 спортшы бақ сынауда», – деді ҚР ҰҚК Шекара қызметі командасының өкілі Айдос Қабышев.
Халықаралық додаға Қазақстаннан бөлек, Беларусь, Қырғыз республикасымен қатар, Ресей мен Тәжікстанның әскери спортшылары қатысып жатыр. Жарыс 8 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Турнир шекара қызметкерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, жас буынға патриоттық тәрбие беруді көздеген.
Айта кетейік, 22 мамырда жартылай финал және финалдық жекпе-жек өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталмақ.
«Дайындық өте жоғары деңгейде болды. Шекарада, Қордай шекара отрядында ұйымдастырылып, 1 ай дайындалдық. Барлық командаларға сәттілік, өзіміздің командаға жеңіс тілеймін!» – деді байқауға қатысушы Бекзат Ақтанов.
Оқи отырыңыз: Жүзуден Қазақстан құрамасы Испанияда өтетін турнирге қатысады