Төрт бозкілем орнатылған залда 700-ге жуық спортшы жаттыға алады
Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясының 81 жылдығына орай жаңа күрес залы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кешеннің ашылу салтанатына оқу орнының басшылығы, қоғам қайраткерлері, белгілі спортшылар мен студенттер қатысты. Спорт нысаны академияның жеке қаражатына салынған. Төрт бозкілем орнатылған залда дзюдо, еркін, грек-рим, қазақ күресі және самбо бойынша ауысыммен 700-ге жуық спортшы жаттыға алады. Академия басшылығының айтуынша, мұндай кешен республика бойынша саусақпен санарлық.
«Бұл күрес кешені біздің спорттық инфрақұрылымды нығайтып, болашақ чемпиондарымызды дайындауға оң әсер етеді. Мұндай нысандар жас спортшылардың мүмкіндігін кеңейтеді, кәсіби деңгейге көтерілуіне жол ашады. Бұл – елдегі спорттың дамуына жасалған маңызды қадам», – деді Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов.
«Аптасына 5 рет жаттығамыз. Сәрсенбіде темір көтеру күні болады. Қалған күндері бір-бірімізбен кұресеміз», – деді студент Айсұлу Батырбек.
Оқи отырыңыз: 20 елден 2500 қатысушы: Алматыда 2025 жылғы маусымның соңғы City Run мәрелік жарысы өтті