Алматыда Орталық стадионға трансферлер ұйымдастырылады

қала әкімдігінің баспасөз қызметі
қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Футбол жанкүйерлеріне стадионның есігі 18:00-де ашылады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

12 желтоқсан күні сағат 20:30-да Алматы қаласының Орталық стадионында УЕФА Конференция лигасы аясында «Астана» мен «Челси» командаларының футбол матчы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Билеттерге сұраныстың жоғары болуына және алаяқтардың жалған билеттер сатуының алдын алу мақсатында Алматының Спорт басқармасы жанкүйерлерге Zakazbiletov.kz сервисі арқылы билеттерді алдын ала сатып алуды ұсынады. Делдалдардың қызметіне жүгінбеуіңізді өтінеміз. Спекуляция мен қайта сатудың алдын алу үшін сатып алынған билеттер жеке аты-жөні көрсетілген түрде рәсімделеді және матч күні электрондық поштаға жіберіледі. Стадион кассаларынан билеттерді сатып алу мүмкіндігі болмайды. Стадионға кіреберісте жанкүйерлерден билет пен билеттегі аты-жөннің сәйкестігі тексеріледі. Бұдан кейін жеке тексеру жүргізіліп, билеттің шынайылығын тексеру үшін штрих-код сканерленеді.

Кіру кезінде кептеліс болмас үшін жанкүйерлерге Орталық стадионға ертерек келіп, қоғамдық көліктерді пайдалануға кеңес беріледі.

Футбол жанкүйерлеріне стадионның есігі 18:00-де ашылады.  

Көлік кептелісін болдырмау мақсатында стадионға жақын аумақтарда 12 желтоқсан күні сағат 18:30-дан 00:00-ге дейін Абай даңғылының (Байтұрсынов көшесінен Мұқанов көшесіне дейін) қозғалысы шектеледі, Сәтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесінен Байзақов көшесіне дейін) толық жабылады. Жақын маңдағы көшелерде патрульдік полиция бекеттері қойылады.

12 желтоқсан күні қалада минус температура болады деп күтілуде, сынап бағанасы шамамен -11 градус. Сондықтан жылы әрі ыңғайлы киім кию керек. Қауіпсіздік шараларына байланысты стадион аумағына термос алып кіруге тыйым салынады. Жанкүйерлер үшін стадион ішінде ыстық сусындар мен жеңіл тағамдар сатып алуға болатын сауда нүктелері жұмыс істейді. Стадион айналасында 60 биодәретхана, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дәретханалар орнатылады.

Қала әкімдігі жанкүйерлердің Орталық стадионға және кері қайтуына қолайлы болу үшін 8 тегін автобус маршрутын ұйымдастырады. Әр маршрутқа 10 автобустан бөлінеді. Жиналу нүктелерін 2GIS сервисі арқылы көруге болады:

  • Қалқаман шағынауданы (№7 қалалық аурухана аялдамасы) – Орталық стадион.
  • Орбита шағынауданы (Мұстафин-Торайғыров көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
  • Айнабұлақ шағынауданы (Мақатаев-Павлодар көшелерінің қиылысы) – Орталық стадион.
  • «Халық Арена» аялдамасы (солтүстік бағыт) – Орталық стадион.
  • Алматы-1 теміржол вокзалы аялдамасы – Орталық стадион.
  • «Райымбек батыр» метрополитен бекеті – Орталық стадион.
  • Наурызбай ауданының ХҚКО аялдамасы – Орталық стадион.
  • Момышұлы-Мөңке би көшелерінің қиылысы аялдамасы – Орталық стадион.

Автобустар сағат 16:00-ден бастап жүре бастайды және толуына қарай жолға шығады.

Жеке көлік иелері мен қала тұрғындарынан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, бағытын алдын ала жоспарлауды сұраймыз.

Новости партнеров