Алматыда өткен турнирде қазақстандық теннисшілер жүлдегер атанды

23.08.2026 20:11
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда өткен «Roland-Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» турнирінде қазақстандық теннисшілер жүлдеге ілікті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

17–22 тамыз аралығында өткен жарысқа 16 жасқа дейінгі теннисшілер қатысып, Орталық және Батыс Азия елдерінің үздік жас спортшылары бақ сынады.

Турнир қорытындысында ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Ұлдар арасында Иран өкілі Киараш Садегизейди бірінші орын алды. Қазақстандық Родион Трайгель күміс жүлдеге ие болса, отандасымыз Бексұлтан Бауыржанов қола жүлдені жеңіп алды. Тағы бір қазақстандық теннисші Әмір Асқар жарысты төртінші орынмен аяқтады.

Қыздар арасында Өзбекстан өкілі Александра Бармичева жеңімпаз атанды. Қазақстандық Алуа Марат екінші орынға ие болса, Айым Қанағатова қола жүлдені еншіледі. Қазақстан атынан сынға түскен Тамина Сәкен төртінші орын алды.

Іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қазан айында Жапонияда өтетін «Roland-Garros Junior Series by Renault» турнирінің финалдық кезеңінде Батыс және Орталық Азия аймағының атынан өнер көрсету құқығына ие болды.

«Roland-Garros Junior Series by Renault – Qualifications West and Central Asia» турнирі Қазақстан теннис федерациясы, Азия теннис федерациясы (ATF) және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.

Оқи отырыңыз: Түрксіб ауданында алғаш дауыс берген жастар саны артты

Толық көрсету