Даниил Медведев ATP 250 турнирінің чемпионы атанды
Алматыда ATP 250 халықаралық теннис турнирі өз мәресіне жетті. Финалда Даниил Медведев пен франциялық Корентен Муте кездесті. Әлемнің 14-ракеткасы саналатын ресейлік спортшы тартысты үш сеттен соң қарсыласынан басым түсіп, чемпиондық атаққа ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы кортында үздік теннисшілер бас қосып, жанкүйерлерге жоғары дәрежелі спорттық тартыс көрсетті. Бір апта бойы өткен кездесулерде көрермен әлемдік рейтингтің көшбасшыларын көру мүмкіндігіне ие болды. Ауқымды жарыста үздік шыққан Даниил Медведевтің бұл жеңісі - кәсіби мансабындағы 21-ші титулы және ATP-дағы 40-шы финалы.
Чемпиондық атақты сарапқа салған теннисші 250 рейтингтік ұпай және 160 550 АҚШ доллары көлемінде жүлдені иеленді.
«Бірінші сетте қарсыластық қатты болды. Өте тартысты ойын дей аламын. Екі жақтан да жоғары деңгей көрінді. Қателер де болды. Ақыры матчты өз ұпайыма тартып алғаныма қуаныштымын», - деді әлемнің 14-ракеткасы Даниил Медведев.
Айта кетейік, былтыр да Алматы кортында ресейлік спортшы Карен Хачанов жеңіске жеткен болатын. Биыл ол жарыстың екінші кезеңінде шығып қалды. Ал жұптық сында финалда француздық Тео Аррибаж бен Альбано Оливетти топ жарды. Олар германиялық Якоб Шнайттер мен Марк Вальнерден басым түсті. Бұл жеңіс Аррибаж үшін — жұптық санаттағы екінші, ал Оливетти үшін үшінші ATP титулы.
«Бұл жерде Даниил Медведев, Карен Хачанов сияқты танымал, үздік ондыққа кіретін, әлемдік ірі жарыстардан орын алып жүрген ойыншылар көп. Бірақ біздің құрама командамыз үшін де бұл жарыс өте пайдалы болды деп айтуға болады, себебі ұпай, тәжірибе жинауға өте мол мүмкіндік бар. Біздің бүкіл құрама командамыз осы жарысқа қатысты», - деді ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.
Алматыда өткен ауқымды додада теннис жанкүйерлеріне жоғары деңгейдегі ойын мен әлем жұлдыздарының шеберлігі көрсетілді. Халықаралық турнирдің екінші жыл қатарынан оңтүстік астанада өтуі отандық теннистің беделін арттыра түскені сөзсіз.
Әйкерім Пернебек, Амина Үсенова, Хангелді Ахметхан, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Асқар Ақаев ҚазҰУ-де жасанды интеллект дәуірі туралы дәріс оқыды