Алматыда өткен зияткерлік дода ТМД елдерін біріктірді

Швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған додада 6 елден келген 48 қатысушы бақ сынады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ТМД-ға мүше мемлекеттердің арасында Парламентаралық ассамблеяның шахматтан ашық кубогы өтті. Швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылған додада 6 елден келген 48 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бір қарағанда жай ғана шахмат турнирі секілді көрінеді. Алайда бұл жолғы ойын ерекше. Өйткені, қатысушылардың барлығы – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің депутаттары мен парламентшілері. Олар - күнделікті өмірде заңдарды талқылап, халқының тағдыры үшін маңызды шешімдер қабылдайтын және әр таңдауы үшін жауап беретін билік өкілдері. Зияткерлік ойында сайысқа түскен олар зейінін мінбердегі емес, шахмат тақтасындағы саясатқа бұрған.

«Алматы – бүгінде мемлекеттер арасындағы парламент аралық диалогты дамытуға, өзара сенімді нығайтуға және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін маңызды алаңға айналып отыр. Бүгінгі турнирдің тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар еліміздің заң шығарушы билік өкілдері арасындағы өзара түсіністікті тереңдетіп, жеке және кәсіби байланыстарды нығайтатын маңызды алаң боларына сенімдімін», – деді Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев.¤

Сайыста Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Беларусь елдерінен келген 47 қатысушы бақ сынады. Ойыншылардың сөзінше, саясат пен шахмат – өте ұқсас ұғым. Себебі, мәжіліс залында да, ойын тақтасының басында да әрқашан эмоцияға берілмей, дәлдікті есептеп, дұрыс стратегия құру маңызды.

«Депутаттың жұмысы белгілі бір деңгейде шахмат партиясына ұқсайды. Біз де әр қадамымызды есептеуге міндеттіміз. Оның салдарын да түсінуіміз қажет. Бірақ бір айырмашылық бар: шахматта ұтылсаң, тақтадағы фигураларды жинап, ойынды қайта бастауға болады. Ал Парламентте ондай мүмкіндік жоқ», – деді ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов.

Турнир қатысушыларының арасында кәсіби шахматшы, әрі Ресейдің сенаторы – Сергей Карякин де бар. Ол 2003 жылы 12 жасында әлемдегі ең жас гроссмейстер атанып, Гиннесс рекордтар кітабына енген. Ол бұл ойын тек ойды шыңдап қана қоймай, халық қалаулыларының ынтымақтастығын нығайтады деп сенеді. 

«Турнир достық сипатқа ие болғанымен, өте тартысты болайын деп тұр. Қызықты әрі күрделі ойын күтеміз. Ең мықтысы жеңеді деп сенемін. Бастысы – мұндай сайыстар мемлекеттер арасындағы достық пен бірлікті нығайтады», – деді Ресей федерациясының сенаторы, гроссмейстер Сергей Карякин.

«Шахмат – адамдарды біріктіріп, ортақ шешімдер қабылдауға ықпал етеді. Біздің саясаттағы басты стратегиямыз – өзара ынтымақтастық, ТМД елдері арасындағы байланыс. Біз осы бағытта тынбай қызмет етеміз», – деді Ресей федерациясының сенаторы Олег Цепкин.

Кіл мықтыдан кім мықтыны анықтаған халық қалаулылары шахмат тақтасында бақ сынап қана қоймай, мемлекетті басқаруды дамыту мәселелерін талқылады. Осылайша, зияткерлік ойын сайыс қана емес, саяси диалог алаңына айналды.

Айта кетейік, мұндай алғашқы ашық халықаралық жарыс Қазақстан Парламентінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Аяулым Көлжігіт, Владислав Иващенко

Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Новости партнеров