Орталықтың ашылу салтанатына спорт жұлдыздары, жаттықтырушылар мен теннис сүйер қауым қатысты
Алматыда жарты ғасырдан астам тарихы бар теннис орталығы жаңарды. Бұрын ЦСКА деп танылған спорт нысаны бүгін жаңа атаумен ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Енді балалар мен кәсіби спортшылар, сондай-ақ әуесқой ойыншылар қаланың қақ ортасында жаттығуға мүмкіндік алды. Орталықтың ашылу салтанатына спорт жұлдыздары, жаттықтырушылар мен теннис сүйер қауым қатысты. Қонақтар жаңарған нысанды аралап, атақты теннисшілер қатысқан шеберлік сабағын тамашалады. Балаларға арнап арнайы жаттығулар мен ойындар ұйымдастырылды.
Әйгілі спортшы, Уимблдон турнирінің ерлер арасындағы жекелей сынында негізгі кезеңге жолдама алып, кортқа шыққан алғашқы қазақ Бейбіт Жұқаев инфрақұрылымдар спортты дамытып қана қоймай, жасөспірімдердің тенниске қызығушылығын арттыруға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
"Қазақстан теннисі қазір бұрын-соңды болмаған даму сатысына шықты. Мен 10-15 жыл бұрын бастағанда, мұндай жағдай, жаттығу алаңдары болмаған. Осының арқасында, жүйелі жаттығу жасап, үлкен жетістіктерге жете аламыз. Әлемде дәл осындай заманауи, жаңа деңгейдегі теннис корттары аз деп айта аламын", - деді теннисші Бейбіт Жұқаев.
Оқи отырыңыз: Шұғыла Өмірбек U23 әлем чемпионатының жүлдесіне қол жеткізді