Студенттер лигасының ақтық кезеңі бірнеше күннен соң басталады
Тартысқа толы бәсеке, жігерлі жастардың жетістігі, жеңіс пен жеңіліс. 95 топтың басын біріктірген Алматыдағы студенттер лигасының плей-офф кезеңі қыза түсті. Жарыста бабы мен бағы келіскен командалар анықталып, алға шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Футбол алаңындағы ойыншылар төрешінің ысқырығы естілгенше жеңіс үшін жан аямай күреседі. Қазір жарысқа тіркелген 24 команданың ішіндегі үздік топтар плей-офф кезеңінде бақ сынап жатыр. Футболшылар әр соққының, әрбір пастың аса дәлдікпен орындалуын қадағалап, кәсіби қабілетін шыңдап жүр. Себебі бір ғана жақсы ойластырылған шабуылмен де оқ бойы озық шығуға болады.
«Футбол әлемдегі ең танымал спорт түрі болғандықтан, міндетті түрде студенттер арасында ойналуы керек. Олар Алматы студенттер лигасында белсенді қатысып жатыр, түрлі университеттен келді», – деді төреші Рауан Бидан.
Ақтық бәсекеге жолдама алғысы келген волейболшылар да студенттер лигасының көрігін қыздырып жатыр. Бұл спорт түрінде бәсекелестік жоғары, себебі командалар бір-біріне дес берер емес. Олар топтық ойынның қандай болатынын көрсетіп келеді.
Атап өтейік, волейболдан сынға түсетіндер үздік ойыншы, үздік шабуылдаушы, үздік қорғаушы сынды жеке номинацияларды да иелене алады.
«Ойындар аптаның әр сенбі, жексенбісі өткізіледі. Осы айдың аяғында жеңімпаздарды анықтаймыз. Бірнеше жоғары оқу орны қатысып жатыр. Бұл – өте жақсы бастама. Спорттың жастар арасында насихатталып отырғанын дұрыс санаймын. Олар сайыстардан қалыс қалмауы керек», – деді төреші Марат Бұралхиев.
Студенттер лигасының ақтық кезеңі бірнеше күннен соң басталады. Қызығы сол, мұндағы әрбір ойын турнир тарихында қалатындықтан, командалар мүмкіндікті құры жібермеу үшін тырысып жүр. Ал ең бастысы, бұл сайыс жастардың басын біріктіріп, шабыт беріп, спорт – студенттік өмірдің ажырамас бөлігі екенін дәлелдеп отыр.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Әлмерек абыздың ерлігін дәріптеу мақсатында волейболдан турнир өтті