Астанада күрес түрлерінен Қазақстан кубогы өтеді

21.05.2025 19:20

Аталған турнирге еліміздің әр түкпірінен мыңға жуық балуан қатысады 

Аlmaty.tv

24-30 мамыр аралығында Астанада ересектер арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының Кубогы өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Оlympic.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл турнирге еліміздің барлық өңірлерінен және республикалық маңызы бар қалалардан шамамен 1000 балуан қатысады.

Айта кету керек, биылғы жарысқа халықаралық аренада Қазақстанның намысын қорғаған атақты спортшылар да қатысады. Өйткені Кубоктың басты мақсаты - алдағы әлем чемпионаттарына қатысатын балуандарды ұлттық құрама сапына іріктеу.

«Алғашқы медальдар еркін күресте сарапқа салынады. Одан кейін жарыс жолына әйелдер шығады. Турнирді грек-рим күресінің балуандары аяқтайды», - делінген хабарламада.

Жарыстар Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда қоян-қолтық ұрыстан халықаралық турнир басталды