Турнир ойындары арнайы форматта өтіп, әр матч 15 минуттан жалғасты
Елордада алғаш рет мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге арналған инклюзивті футбол турнирі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ерекше жобаға еліміздің 10 аймағынан келген аутизм, Даун синдромы, ДЦП және басқа да даму ерекшелігі бар 90-ға жуық бала мен олардың ата-анаcы қатысты. Турнирдің басты мақсаты менталдық және физикалық ерекшелігі бар балалардың спортқа тең дәрежеде қатысуына мүмкіндік беру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар ерекше балалардың қоғам өміріне белсенді араласуына және олардың әлеуетін ашуға үлкен сеп болады.
«Қазақстан тарихында алғаш рет ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған футбол турнирі өтіп жатыр. Жоба мүмкіндігі шектеулі балаларды спортқа баулу мақсатында ұйымдастырылған. Олар үшін арнайы жаттығу бағдарламасы мен регламент жасалған.
Айта кетейік, турнирде жеңілген де, жеңген де жоқ. Басты мақсат – балалардың ойыннан қуаныш алуына жағдай жасау. Бұл жарыс әрбір қатысушы үшін маңызы зор болмақ», – деді «Bolashak Charity» ҚҚ қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.
Турнир ойындары арнайы форматта өтіп, әр матч 15 минуттан жалғасты. Бұл сайыста жеңімпаздар анықталған жоқ. Барлық қатысушылар медальдар мен естелік сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ шараға UEFA лицензиясы бар кәсіби жаттықтырушылар қатысты. Олардың қатарында ерекше мүмкіндігі бар мамандар да бар. Жоба балаларға тек футбол ойнауды ғана емес, қоғамға бейімделуді және өз-өзіне сенуді үйретпек.
«Осы жарысқа 1 жылдан астам уақыт дайындалдық. Басына ерекше балалармен жұмыс жасау қиын болды. Бір-бірін түсінеді, жақсы көреді, досқа айналды. Балаларды инстаграм парақшасы арқылы жинадық», – деді жаттықтырушы Нұржан Қасанов.
Оқи отырыңыз: Қайрат» - «Пафос»: тартысты кездесудің билеттері сатылымға шықты