Азия чемпионаты: әртістік жүзуде топ жарған чемпиондар елге оралды

09.10.2025 18:17

Ұлттық құрама қоржыны 7 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен толықты

Үндістанның Ахмедабад қаласында өткен су спорты түрлерінен Азия чемпионатында әртістік жүзуде топ жарған чемпиондар елге оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көк туымызды көкте желбіреткен саңлақтарды Алматы әуежайынан жүздеген жанкүйер ыстық ықыласпен күтіп алды. Қазақы дәстүрге сай жеңімпаздарға бауырсақ ұсынып, гүл шоғын табыстады. Жеңіс тұғырынан көрінген спортшылар доданың әр сәтінде бар күш-жігерін сарп етіп, барын салғанын аqтты.

«Біз командамызбен бірігіп, жеңімпаз атану үшін бар күшімізді салдық. Дайындығымыз жақсы болды. Сол себепті топ жардық. Негізгі мақсатымыз –  суда өнер көрсетіп қана қоймай, көрерменге театрландырылған қойылым секілді әсер сыйлау еді. Бағдарламамызбен әлем чемпионатына да, Әлем кубогының кезеңіне де қатысқан болатынбыз. Жанкүйерлерімізге алғыс білдіремін», – деді Әртістік жүзуден қазақстан құрамасының капитаны Наргиза Болатова.

Айта кетейік, әртістік жүзуден Қазақстан құрамасы доданы 11 медальмен түйіндеді. Ұлттық құрама қоржыны 7 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен толықты. Бұл тарихи көрсеткіш біздің спортшыларға жалпыкомандалық есепте үздік атанып, бірінші орынды иеленуге жол ашты.

 «Алдымызға міндетті түрде жеңіске жету мақсатын қойдық. Сол себепті шәкірттерімді қамшылауға тырыстым. Әрине, оңай болмады. Десе де Азияның кіл мықтыларымен тайталасып, командалық есепте үздік нәтиже көрсеттік. Қазақстан туы биікте желбіреді. Өте қуаныштымын!» – деді Әртістік жүзуден қазақстан құрамасының бас бапкері Наталья Ткаченко.

Оқи отырыңыз: Қазақстан дзюдодан өткен әлем чемпионатын бір медальмен аяқтады