Сегіз тур қорытындысы бойынша Бибісара өнер көрсететін команда 2-орында тұр
Бибісара Асаубаева «Global Chess League» 4-маусымында бақ сынауда, деп хабарлайды Almaty.tv.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, Үндістанның Бангалор қаласында 3-13 қыркүйек аралығында «Global Chess League» халықаралық шахмат лигасының төртінші маусымы өтіп жатыр.
Аталмыш бәсекеде әлемнің үздік шахматшылары мен Үндістанның беделді ойыншылары бас қосып, командалық сында өзара мықтыны анықтауда.
Биылғы додаға алты команда қатысып, жарыс жылдам шахмат бағдарламасында өтуде.
Әр партияның нәтижесі командалық есепке әсер ететіндіктен, ойыншылардан жоғары шеберлікпен қатар, тактикалық сауаттылық пен командалық үйлесім де талап етіледі.
Қазақстан атынан бұл жарыста Бибісара Асаубаева қатысып жатыр. Отандасымыз «Fyers American Gambits» командасының сапында өнер көрсетуде.
Сегіз турдың қорытындысы бойынша Бибісара өнер көрсететін команда 2-орында тұр.
Жарыстың шешуші кезеңі алда. Яғни, 11 және 12 қыркүйекте 9 және 10-турлар, ал 13 қыркүйекте финалдық бәсекелер өтеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда жыл соңына дейін жаңа мектептер мен дәрігерлік амбулатория ашылады