Биыл Қазақстанда қандай халықаралық жарыстар өтеді

04.02.2026 12:14

Елорда да бірқатар маңызды байрақты бәсекелерді қабылдайды

Аlmaty.tv

Былтыр еліміз бойынша 30-ға жуық әртүрлі деңгейдегі халықаралық жарыстар өтіп, көптеген спорт түрінен халықаралық федерацияның өкілдері келіп, елдің спорттық әл-ауқатымен танысқан болатын, деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Спорт және туризм министрлігінің хабарлауынша, биыл да ел аумағында әлемдік және құрлықтық деңгейдегі 20-дан астам ірі халықаралық жарыс өткізу жоспарланған. Бұл Қазақстанның спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық әлеуетінің жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді.

Жарыстар Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Талғар және Ақтау қалаларында өтіп, қысқы, жазғы, олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерін қамтиды.

Миландағы ақ Олимпиада аяқтала салысымен Алматыда Фристайл-могулдан Әлем кубогі кезеңі мен FIP GOLD ALMATY халықаралық падел турнирін, WKF каратэден KazOpen халықаралық турнирін және WKF каратэден Азия чемпионатын, барлық жас санаттары бойынша джиу-джитсудан Азия чемпионатын ұйымдастыру жоспарланған.

Ал жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «XXXIV Мемориал – Ғ.Қосанов» халықаралық жеңіл атлетика жарысы мен Denis Ten Memorial Challenge Series мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнирі Алматыда өтеді.

Елорда да бірқатар маңызды байрақты бәсекелерді қабылдайды. 2025/2026 маусымына арналған УЕФА футзалдан Чемпиондар лигасының финалы мен төртінші рет өтетін дзюдодан Grand Slam турнирін көпшілік тамашалай алады. Осы жарыстармен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы Silk Way Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары, жүзу мен боччадан Әлем кубогтері, голболдан жастар арасындағы әлем чемпионаты мен Astana Open Series Kazakhstan-1,2 халықаралық жарыстары ұйымдастырылады. Сондай-ақ биыл Астанада фиджитал спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі өтеді.

Талғарда көпкүндік веложарыстан Азия кубогін, Шымкентте ISSF стенд атудан Әлем кубогі мен маунтинбайктан (MTB) Азия кубогін, ал Түркістанда пара каноэден Азия чемпионатын өткізу жоспарланған. Бұл жарыстардың барлығы Қазақстанның әлемдік спорт қауымдастығының сенімді серіктесі және ірі халықаралық жарыстарды қабылдай алатын заманауи спорттық алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Оқи отырыңыз: Жыл басынан бері инватакси қызметіне 38 мыңнан астам тапсырыс берілген