Біз осындай жеңілістер арқылы күшейеміз: "Қайраттың" бас бапкері ойынға баға берді.

Almaty.tv
Almaty.tv
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлем назарындағы тарихи матч аяқталды. Алматылық команда Чемпиондар лигасында турнирдің 15 дүркін жеңімпазы «Реал Мадридті» қабылдады. Ойыннан кейінгі баспасөз жиынында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойынға баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда тарихта екінші рет Чемпиондар лигасының әнұраны әуелеп, жергілікті «Қайрат» футбол клубы мен әлемнің ең даңқты командаларының бірі испаниялық «Реал Мадрид» жасыл алаңға шықты. Итальяндық төрешінің ысқырығы естілген бетте алматылық ұжым алға қарай ұмтылып, қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алмады. Ал ойынның 25-минутында 18 жастағы Шерхан Қалмырза өз айып алаңында тәртіп бұзып, франциялық шабуылшы Килиан Мбаппе белгіленген пенальтиді мүлт жібермеді.

Осылайша алғашқы тайм 1:0 есебімен «Реал Мадридтің» пайдасына шешілді. Мұнан соң таблодағы есеп екінші таймда өзгерді. Мадридтік алыптың үздігі Килиан Мбаппе 52-минутта дубль авторы атанып, көп ұзамай 74-минутта хет-трик жасап, есепті еселей түсті. Қонақтардың қарқыны мұнымен басылған жоқ. Кезекті шабуылдардың бірінде Камавинга қақпаны дәл көздеп, есепті жаңартты. Ал соңғы сөзді Браим Диас айтып, таблодағы көрсеткішті 5:0-ге жеткізді.

«Өздеріңіз көргендей, қарсылас өте мықты, дайындығы жоғары. Біз өкінбейміз, үлкен тәжірибе болды. Осындай ойындар бізге керек. Алда жақсы ойындар бар, соған дайындаламыз», – деді  «Қайрат» футбол клубының жартылай қоғаушысы Еркін Тапалов.

Ойыннан кейінгі баспасөз жиынында «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин ойынға баға берді. Ол екі команда арасындағы деңгейдің алшақтығына тоқталды. Ол «Реал Мадрид» – Еуропаның ең үздік клубы, ал «Қайрат» әзірге алғашқы жүздіктің қатарында емес екенін атап өтті.

«Жеңілу әрине көңіл көншітпейді, кез келген командаға ауыр тиетіні анық. Бірақ біздің құрамның құны 12 миллион еуро, ал «Реал Мадрид» командасының құны 1,4 миллиард еуро. Олардың бір ойыншысы бүкіл лигамыздың құнымен бірдей. Сол себепті даңқты клубтармен бәсекелестік арқылы тек ойынымызды жақсарта аламыз. Біздің футболшылар үздік қарсыластармен ойнағанның пайдасын көреді. Біз осындай жеңілістер арқылы күшейеміз», – деді  «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин

Ал «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болғанын жеткізді. Сондай-ақ алматылық клуб Чемпиондар лигасында лайықты ойнайтынын айтты.

 «Чемпиондар лигасының ойыны алматылықтар үшін қаншалықты маңызды екенін көрдік. «Қайрат» кездесудің басында өте жақсы ойнады. Ал біз керісінше бұл алаңда өзімізді жайсыз сезіндік және алғашқы минуттарда командалық ойын көрсете алмадық. Бірақ пенальтиден кейін менің командам жақсы ойнай бастады. «Қайрат» футболшыларының жанкештілігіне риза болдым», – деді  «Реал Мадрид» футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо.

Жеңілістің өзі жеңіске пара-пар сезілген түнде Алматы жұрты футбол мерекесін тойлады. Қала көшелері сары-қара туларға көмкеріліп, көліктердің дабылы естілді. Тіпті кейбір жанкүйерлер Реал Мадрид сапындағы француз жұлдызы Мбаппеге арнайы автокөлік тарту еткісі келді. Ал жаңа отау құрған жас жұбайлар бұл тарихи кездесуді сырттан тамашалап, халықпен бірге жанкүйер болды.

«Қайрат» пен «Реал Мадрид» ойынына келгенбіз. Бүгін тойымыз өтті. Матчты сырттан тамашалап, күтіп жүрміз», – деді жанкүйер Елдар Әбитов.

 «Қайрат» жеңілген жоқ. Ең бастысы – қатысу. Алда өте көптеген жарыс болады. Біз әрқашанда қолдап, әрқашанда бірге боламыз. Болашақта «Реал Мадридтан» да күшті дәрежеге шығады деп сенеміз», – деді жанкүйер Алина Рауан.

Айта кетейік, қазақстандық команда Чемпиондар лигасындағы келесі ойынын 21 қазанда өз алаңында «Пафоспен» өткізеді.

Мәди Мәлік. Ернат Болатбек.

Оқи отырыңыз: Алматыда тарихи ЧЛ матчі өтті: «Қайрат» пен «Реал Мадрид» қалаға мереке сыйлады

Новости партнеров