Болашақ ойындары – 2026: Астанада халықаралық мультиспорттық турнир басталады

23.07.2026 16:30

Турнир 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді

Елорда ірі халықаралық спорт мерекесін қарсы алуға дайындалып жатыр. 1 аптадан кейін Астанада «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі басталады. Бұл жарысқа әлемнің 35 елінен спортшылар қатысып, 4 миллион доллардан асатын жүлде қоры сарапқа салынады. Қазақстан – бұл дүбірлі доданы өткізетін үшінші ел, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Болашақ ойындары жай ғана жарыс емес. Бұл дәстүрлі спорт пен цифрлық технология тоғысқан жаңа форматтағы халықаралық дода. Ерекшелігі сол, қатысушылар алдымен виртуалды кеңістікте өз шеберлігін сынап, кейін сол бәсекені шынайы спорт алаңында жалғастырады. Яғни жеңімпаз тек компьютер алдында ғана емес, нақты спорттық сайыста да өзінің мықтылығын дәлелдеуі тиіс.

Қазір турнирге дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, барлық жұмыс бірнеше ай бойы мұқият жоспарланған. Мақсат –көрерменге жоғары деңгейдегі жарыспен қатар, бұрын-соңды болмаған әсерлі шоу ұсыну.

«Мұндай деңгейдегі жарысты ұйымдастыру – біз үшін үлкен жауапкершілік. Бұл турнирді елордамыздың барлық тұрғыны мен қонағы тамашаласа дейміз. Себебі Астанада мұндай ауқымды киберспорт додасы бұрын-соңды өткен емес. Елордаға әлемнің ең мықты командалары келеді. Ұйымдастырушы ретінде біз бұл додаға ұзақ уақыт дайындалдық. Мақсатымыз – көрермендерге болашақтың шоуын көрсету», – деді «Болашақ ойындары 2026» дирекциясының жетекшісі Әлібек Хасенов.

Аталған турнирге әлемнің 35-тен астам елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Еліміздің намысын сегіз бағыт бойынша 11 команда қорғайды. Құрамада алғаш рет бақ сынайтын ойыншылар да, халықаралық жарыстарда тәжірибе жинаған спортшылар да бар. Солардың бірі – алматылық Дәуір Дегемерзанов. Ол PUBG ойыны бойынша халықаралық турнирлерге 7 жылдан бері қатысып келеді. Алайда бұл жарыстың орны ерекше екенін айтады.

«Бұл турнирдің біз үшін орны ерекше. Біріншіден, жарыс өз елімізде өтіп жатыр. Екіншіден, жүлде қоры 1 миллион долларды құрайтын әлемдік турнир. Осындай ауқымды турнирге қатысу – кез келген киберспортшының арманы. Мұндай додада өнер көрсетіп, жүлделі орын үшін күресу, еліңнің намысын қорғау біз үшін үлкен мәртебе», – деді PUBG бағыты бойынша Қазақстан құрамасының ойыншысы Дәуір Дегемерзанов.

Ал Dota бағыты бойынша бақ сынайтын киберспортшылар бәсекенің оңай болмайтынын айтады. Себебі бұл дисциплинада әлемнің ең үздік командалары жиналған. Соған қарамастан, жеңіс үшін бар күшімізді саламыз дейді.             

«Біздің топтық кезеңнен өтіп, плей-оффқа шығуға мүмкіндігіміз бар деп ойлаймын. Бұл жеңіс Қазақстан үшін маңызды болмақ. Өйткені өңірімізде киберспорттың әлеуеті жоғары екенін дәлелдеп, оған инвестиция салуға және одан әрі дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, біз басқа өңірлермен тең дәрежеде бәсекелесе алатынымызды көрсетеміз» – деді Dota 2 дисциплинасының өкілі  Давид Вандакуров.

Жарыстар елорданың төрт негізгі спорт нысанында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешені, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, Ұлттық теннис орталығы және «Барыс Арена» спортшыларды қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Каратэден қос отандасымыз Жапониядағы беделді турнирде сәтті өнер көрсетті