Бүгін Алматыда «Қайрат» кипрлік «Пафос» командасымен матч өткізеді

21.10.2025 16:21

Жанкүйерлердің жайлы қатынауы үшін арнайы алты бағытта 60 тегін автобус қатынайды

Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасының 3-туры аясында «Қайрат» өз алаңында Кипрдің «Пафос» командасын қабылдайды. Айтулы ойын Астана уақытымен сағат 21:45 те басталады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.    

Алатау бөктеріне үлкен футбол мерекесі қайта оралды. Айтулы кездесудің қарсаңында 23 мыңға жуық жанкүйерді құшағына сыйдыратын Орталық стадиондағы атмосфера ерекше! Әрине, испаниялық алпауыт «Реал Мадридпен» болған тарихи матчтағыдай толассыз адам легі байқалмайды. Себебі түсінікті, Кипр чемпионы «Пафос» та тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Танымалдылығы, деңгейі корольдік клубпен салыстыруға келмейді.

Ал екінші жағынан, билеттердің құны 30 мыңнан 250 мың теңгеге дейін саудалануда. Билеттердің бағасы кейбір жанкүйердің көңіліне қаяу салғаны рас. Соған қарамастан, стадион төрінде ұрандатқан, «Қайраттың» айнымас жанкүйерлері көп. Бүгінгі ойында олардың сенімі нық, жергілікті команда өз алаңында жеңісті жұлып алады деп үміттенеді.

«Әр ойында жеңіс күтеміз. Дегенмен «Пафос» «Реал» емес, әрине. Жеңіс күтеміз. Бірақ «Пафосты» да менсінбеуге болмайды. Ол да мықты, мығым команда», - деді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Рауан Мутаир.

«Осы қалада студент болғалы бері «Қайраттың» атмосферасын сезініп жүрміз. Барлық қала тұрғыны жақсы көреді. Біз де осы қаланың бір бөлігі ретінде «Қайрат» үшін жанкүйерміз. «Пафосты» жеңуге мүмкіндігіміз бар дешен ойдамын. Бүгін жеңеді деп сенеміз. Мүмкіндік болса, 3-1, 2-1 есебімен «Қайрат» жеңіске жетсе, қуанышты болар едік», - дейді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Дәулетжан Әбдуәлиев.

Айта кетейік, Кипр чемпионы «Пафос» та тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатыр. Өткен маусымда ел чемпиондығын жеңіп алған команда чемпиондар лигасындағы алғашқы екі турда бар болғаны бір ұпай еншіледі. «Олимпиакоспен» тең түскен кипрліктер, мюнхендік «Баварияның» қарқынына төтеп бере алмай, 1:5 есебімен тізе бүкті. Ал қазақстандық клубтың қоржынында әзірге ұпай жоқ. Себебі сырт алаңда Португалияның «Спортингінен» 1:4, ал өз алаңында испандық «Реалдан» 0:5 есебімен жеңіліске ұшыраған болатын.

Айта кету керек, Алматы қалалық полиция департаменті бүгінгі ойын барысында қауіпсіздік шараларын күшейтетінін мәлімдеді. Сондай-ақ матч уақытына орай кейбір көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылмақ.

Жанкүйерлердің жайлы қатынауы үшін арнайы 6 бағытта 60 тегін автобус қатынайды, метроның жұмыс уақыты түнгі сағат 01:00-ге дейін ұзартылған.

Сағат 21:45-те басталатын ойынды тікелей эфирден тамашалай аласыздар.  

Оқи отырыңыз: Алматыда «Қайрат» – «Пафос» матчы алдындағы тазалық жұмыстары күшейтілді