Дархан Сатыбалды халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады. Азия және Пара Азия ойындарында алматылық спортшылар 33 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 5 алтын, 13 күміс және 15 қола медаль бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жетістіктер қатарында Қазақстан спортының тарихында алғаш рет тіркелген жеңістер де бар. Наиль Ермұханбет паравелоспорттан Пара Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанған алғашқы қазақстандық спортшы болды. Тамирлан Тілеулес таеквондодан Азия ойындарында ел тарихындағы тұңғыш алтын медальді жеңіп алса, Дамир Тоқтаров спорттық құзға өрмелеуден ұлттық құрама қоржынына алғашқы медальді салды.
Спортшылар мен олардың бапкерлеріне арнаған сөзінде Дархан Сатыбалды спорт инфрақұрылымын дамытып, жас таланттарды қолдаудың маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрбір баланың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін үнемі атап өтеді. Алматыда біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық спортпен айналысу мүмкіндіктерін кеңейтіп, кәсіби спортшыларға қолдау көрсетудеміз. Сіздердің жетістіктеріңіз – таланттың, табандылықтың және күнделікті қажырлы еңбектің нәтижесі. Чемпиондарды даярлауға зор үлес қосып жүрген жаттықтырушыларға ерекше алғыс білдіремін», – деді Алматы әкімі.
Марапатталғандар қатарында дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатов, IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Марал Төлепберген және Қазақстан әйелдер құрамасы сапында шахматтан дүниежүзілік олимпиаданың күміс жүлдесін иеленген Алуа Нұрман да бар.
Сондай-ақ Азия ойындарында спорттық жүрістен бақ сынаған Ясмина Тоқсанбаеваға ерекше құрмет көрсетілді. Марафон қашықтығында спортшы қайсарлық пен жеңіске деген жігерін танытты.
Дархан Сатыбалды чемпиондарды даярлауға қосқан үлесі үшін жаттықтырушыларға алғыс айтып, спортшыларға халықаралық аренада жаңа жеңістер мен толайым табыс тіледі.