Димаш Құдайберген Алматыда өтіп жатқан теннис турнирінде өнер көрсетті

15.10.2025 15:03

Жарыс алаңына отандық теннисші, әлемнің 91-ракеткасы Александр Шевченко шығып, Қазақстанға алғашқы жеңісті сыйлады

Димаш Құдайберген Алматыда өтіп жатқан ATP 250 теннис турнирінде өнер көрсетті. Әнші Франция, АҚШ, Түркия және Қазақстан композиторларының туындыларын орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сондай-ақ ол «Самғау» атты жаңа авторлық композициясын көпшілікке таныстырды. Бұл туындының тұсауы алғаш рет Madison Square Garden сахнасында өткен жеке концертінде кесіліп, кейін Мексикадағы әйгілі «Stranger» шоуында екі рет орындалған. Сахнада ерекше шабытпен ән шырқаған Димаш ел намысын қорғайтын спортшыларға зор ілтипат білдіріп, сәттілік тіледі.

Сонымен қатар жарыс алаңына отандық теннисші, әлемнің 91-ракеткасы Александр Шевченко шығып, Қазақстанға алғашқы жеңісті сыйлады. Бастапқы кездесуінде ол сербиялық Ласло Джеремен күш сынасып, тартысты өткен екі партияда да басым түсті. Екі сағатқа созылған матчта Шевченконың сабырлы ойыны мен сенімді соққылары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Енді спортшы ширек финалға шығу үшін франциялық Корентен Мутемен кортқа шығады.

«Білмеймін, бұл қандай сиқыр екенін, бірақ Алматыда әр кездесу ерекше шиеленіске толы өтеді. Мұнда әрдайым керемет атмосфера, ерекше қолдау бар. Бүгінгі көрермен тіпті ғажап болды. Жанкүйерлердің даусы, қолдауы қосымша күш берді. Шын жүректен қуаныштымын! Бүгінгі ойын кезінде жан-тәнімен жанкүйер болған әр адамға зор алғысымды білдіремін!» – деді теннисші Александр Шевченко.

Оқи отырыңыз: «Қайрат» пен «Пафос» арасындағы матч билеттері қайда сатылады