Журналист Мақсат Сләмбековті еске алу: Almaty TV арнасында футболдан матч өтті

24.05.2025 15:48

Ойынға екі команда қатысты

24 мамырда Нархоз университетінің стадионында Almaty TV арнасы ұйымдастырған журналист Мақсат Сләмбековті еске алуға арналған футбол матчы өтті. Іс-шараны ұйымдастырушылар Мақсатты білетін әрі онымен бірге жұмыс істеген жандарды бір алаңға жинады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ойынға AlmatyTV және «Мақсат» атты екі команда қатысты. «Мақсат» командасының құрамында Максат Сләмбековтің достары, бұрынғы әріптестері және футболдағы серіктестері болды. Қақпашыны еске алуға және қатысушыларды қолдауға оның отбасы да келді.

Матч 5:3 есебімен «Мақсат» командасының жеңісімен аяқталды. Ойын соңында жеңімпаз командаға кубок табысталды, алайда ойыншылар оны AlmatyTV арнасы редакциясына қалдыруды, яғни Мақсат көзі тірі кезінде жеңіп алған көптеген трофейлердің жанына қоюды жөн көрді.

Мақсат Сләмбеков өмірінің көп бөлігін қазақ журналистикасын дамытуға арнады. Бос уақытында футболмен айналысты. Еңбек жолын «Алматы» телеарнасында бастап, он жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік, спорттық және мәдени-көңіл көтеру бағдарламаларын жасауға атсалысты. Олардың қатарында «Тарих таразысы», «Қыл Көпір», «Жекпе-жек», «Емшілер» және басқа да жобалар бар. Сонымен қатар ол әріптестерінің спортқа деген сүйіспеншілігін оятып, футбол командасын құрған болатын.

Футбол Мақсаттың өмірінде ерекше орын алды. Ол «Үздік қақпашы» номинациясында жиі жеңіске жетіп жүрді. Әріптестері оны әйгілі француз қақпашысы Бартездің құрметіне «Бартез» деп атайтын. Әріптестері «Өмірде де, алаңда да Мақсат Сләмбеков әрқашан көшбасшы болуға тырысатын, командасын алға жетелеп жүретін» деп еске алады.

Бұл — Мақсат Сләмбековті еске алуға арналған үшінші іс-шара. Мұндай кездесулер игі дәстүрге айналып келеді: олар марқұмның достарын, әріптестері мен жақындарының басын біріктіріп, телеарна мен Алматы қаласының спорттық қауымдастығының дамуына үлкен үлес қосқан жанның рухын ұлықтауға себеп болмақ.

Оқи отырыңыз: Бүгін – Димаш Құдайбергеннің туған күні