Грек-рим күресінен отандастарымыз U23 әлем чемпионатында тарихты жаңғыртты

14.10.2026 09:58

87 келідегі Темірлан Тұрдақын да алтын жүлдеге таласуға мүмкіндік алды

t.me/DRSQazaqstan

Күрес түрлерінен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына қос бірдей алтын жүлде түсті,  деп хабарлайды Almaty.tv.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінен хабарлағандай, 60 келіде сынға түскен Айбек Айтбеков финалда дәл осы санат бойынша фаворит саналған әрі әлем чемпионы Елмир Алиевті (Әзербайжан) 13:4 есебімен жеңіп, жаһандық додадағы алғашқы алтынды алып берді. Бұған дейін отандасымыз мамыр айында ғана U23 санатында Азия чемпионы атағын да иеленген еді.

72 келідегі Юсуф Ашрапов та финалда Армения балуаны Гаспар Тертерянмен белдесіп, 4:3 есебімен камбэк жасап кетті.

Бір ерекшелігі - Армения өкілі бұған дейін U17 және U20 санатындағы жаһандық додада отандасымыздан басым түсіп, топ жарған еді.

Одан бөлек, 87 келідегі Темірлан Тұрдақын да алтын жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Жерлесіміз ақтық сында ересектер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері саналатын Ясин Әли Яздимен (Иран) өзара мықтыны анықтайды.

Ал 130 келідегі Джохар Узаров қола жүлде үшін күреседі.

Айта кетейік, 2017 жылдан бастауын алған U23 санатындағы әлем чемпионатында бұған дейін грек-рим күресінен 2023 жылы Сұлтан Әсетұлы ғана топ жарған еді.

Оқи отырыңыз: Алматының Жетісу ауданында аллея көркейтіліп, саябақ жаңартылды

Толық көрсету