Биыл наурыз айынан бастап Алматыда «ACTIVE CITY HUB» жобасы іске қосылады
Биыл наурыз айынан бастап Алматыда «ACTIVE CITY HUB» жобасы іске қосылады. Тың бастама шаһарда бұқаралық спортты дамытуды әрі 10 мыңнан аса тұрғынды қамтуды көздеп отыр. Осылай деген спорт басқармасының өкілдері бүгін журналистермен жиын өткізіп, 2026 жылға арналған жоспарды таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда биыл да спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, наурызда «ACTIVE CITY HUB» жобасы іске қосылады. Бастама әр жексенбі сайын жүйелі түрде сағат 8:00-ден түскі 12:00-ге дейін шаһардағы саябақтарда түрлі спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды көздейді. Қызығы сол, шеберлік сабақтарына білікті жаттықтырушылар мен медиа кеңістікте танылған азаматтар шақырылады. Бұдан бөлек, қалада киберспорт турнирін өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 6 жаңа дене шынықтыру кешенін салу көзделіпті. Ал көрсеткішке көз жүгіртсек, Алматыда 3600-ден аса спорт нысаны бар.
«Мұз айдындары 2026 жылы да дамытылатын болады. Мысалы, Орталық стадионның сол жағында бір үлкен мұз айдынын ашуды жоспарлап отырмыз. Қалған мұз айдындары да тоқтамай, жұмысын ары қарай жалғастырады», – деді спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлы.
2025 жылы алғаш рет іске қосылған студенттік лига да жұмысын жандандырады. Жоғары оқу орындарындағы ғана емес, енді колледж жастарын да жобаға тарту ойда бар. Яғни, шамамен 88 мекемені, оның ішінде 7 мыңнан аса студентті қамту көзделіп отыр.
Атап өткен жөн, Алматыда 2025 жылы 35 ірі халықаралық сайыс өтті. Сондай-ақ шаһар спортшылары әлемдік түрлі деңгейдегі жарыстарда төбе көрсетіп, 5 562 медаль жеңіп алды. Бұл 2024 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 9%-ға көп. Бұдан бөлек, жергілікті «Қайрат» клубының жеткен жетістігін де атап өтпеске болмас.
«Әлемде Алматының атын ататқызды, Қазақстанның туын желбіретті. Сондықтан да «Қайраттың» жетістігі 2025 жылдағы бірінші орынға қоюға болады. Алматыда Баландин шықты, мүлде жүлде аламыз деп күтпеген спорт түрлерінен Алматы үнемі жүлде беріп тұрады. Сондықтан қазақ спортының дамуына Алматы қаласының қосқан үлесі көп», – деді спорт сарапшысы Рауан Оқас.
Спортқа деген сұраныс тұрғындар тарапынан да артып келеді. Оған басқарма бөліскен ақпарат дәлел. Мәселен, былтыр салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрғандар саны миллионға жуықтапты. Оның 325 мыңы – балалардың үлесінде. Еске салайық, 2025 жылы бас аяғы 3 мыңнан аса спорттық шара ұйымдастырылып, іс-шараға 380 мың адам тартылған.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Алматыда спортпен айналысатындардың саны миллионға жуықтады