Спортшыларымыз келесі ойынын 23 сәуірде Ганконг құрамасына қарсы өткізеді
Қытайдың Санья қаласында Азия жағажай ойындарында су добынан жарыс басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан әйелдер құрамасы алғашқы ойында Таиланд командасын тізе бүктірді. Біздің спортшылар келесі ойынын ертең, 23 сәуірде Ганконг құрамасына қарсы өткізеді.
Жағажайдағы су добының форматы классикалық түрінен ерекшеленеді: мұнда командалар сет бойынша ойнайды.
"Негізгі уақыт сеттер бойынша 2-2 есебімен аяқталып, шешуші пенальти сериясында Қазақстан құрамасы 2:0 есебімен басым түсті", - делінген хабарламада.
Команда құрамында өнер көрсетіп жатқан отандастарымыз: Ариадна Затыльникова, Камила Наурызбаева, Таира Мухаева, Яна Смолина, Василиса Антропова, Фатима Маткаримова және Аида Алпысбай.
Турнир айналмалы жүйесі бойынша өтеді: командалар үш ойыннан өткізеді, соның қорытындысынан кейін жүлдегерлер анықталады.
Айта кетейік, бүгін ойындардың салтанатты ашылу рәсімі де өтеді. Қазақстан құрамасының ту ұстаушылары - Мұрат Шәкенов (су добы) пен Диана Ержанова (акватлон).
Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық шеберлік дәрісі аясында 14 ота жасалды