Ұлттық құрама мүшелері соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр
Бір аптадан кейін Италияның Милан қаласында Қысқы олимпиада ойындарының шымылдығы түріледі. Төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада биыл еліміздің намысын 36 спортшы қорғайды. Олар спорттың 10 түрі бойынша жүлдеге таласады. Ұлттық құрама мүшелері соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, басты сынға тыңғылықты дайындалуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшіс.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері қысқы Олимпиада ойындарына тоғызыншы рет қатысуға дайындалып жатыр. Еліміз бұл дүбірлі додада алғаш рет 1994 жылы бақ сынады. Осы уақыт аралығында қазақстандық спортшылар олимпиада ареналарында жалпы саны 8 медаль жеңіп алды. Алайда 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы жарыста ұлттық құрама жүлдесіз қалған. Биыл Миланда өтетін Қысқы олимпиада ойындарында отандастарымыз сол олқылықтың орнын толтырып, ел намысын қорғауға бар күш-жігерін салмақ. Бұл мақсатта ұлттық құраманың дайындығын күшейту үшін әлемдік деңгейдегі 13 бапкер шақыртылыпты.
«Әлбетте, олқылықтардың орнын жою үшін жаңа кешенді жоспар құрылды. Сол кешенді жоспардың аясында жұмыс жүргізіледі. Біз қазіргі уақытта осы кешенді дайындық жұмыстарын жүргізу барысында 13 ең алдыңғы қатарлы мамандарды шақырдық. Оның ішінде физиологиялық, психологиялық, нутрициялогилық тұрғыдан, дәрі-дәрмек жағынан, дәрігерлік, массажист осы қай спорт түріне қайсысы қандай мамандар қажет алдыңғы қатарлы мамандарды шақырдық. Солар қазіргі кезде етене үлкен жұмыс жасап, кешенді түрде көмек көрсетуде», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев.
Қазір ел спортшылары халықаралық жарыс қарсаңында соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізуде. Астанада конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанаудан дайындық жүріп жатса, Алматыда шаңғы және тау шаңғы спортының өкілдері жаттығуда. Ал шорт-трекшілер кәсіби шеберлікті шыңдау мақсатында Нидерланды еліне аттанды. Мамандардың айтуынша, бұл елді таңдауда климаттық жағдайдың ерекшелігі ескерілген. Оқу-жаттығу жиыны 2026 жылдың 26 қаңтары мен 3 ақпаны аралығында өтеді деп жоспарланған.
«Жарысқа 1 апта қалған кезде, сол жердің климатына дағдылануы үшін спортшылар жақын маңдарға не болмаса өтетін елдің өзіне барып оқу-жаттығу жиындарын пысықтайды. Өйткені климаттық өзгеріс қатты әсер етеді, оның ішінде уақыт белдеуі бар. Сағат айырмашылығы 4 сағат уақытқа жуық. Сондықтан сол жердің уақыт белдеуіне тұрақтауы үшін спортшылармыз дайындықтарды жақындаған уақытта өткізеді», – деді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Биыл дүбірлі додада сынға түсетін 36 спортшының 20-сы мұндай байрақты бәсекеге алғаш рет қатысады. Команда құрамындағы ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан бағын сынайтын Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі атлет – шорт-тректен ел намысын талай бәсекеде қорғап жүрген Абзал Әжғалиев.
«Біздің шорт-тректен 500 метр қашықтықта Никиша Денис және Абзал Әжғалиев екі фаворит спортшыдан үміт күтеміз. Шорт-трек спортын медаль болады немесе болмайды деп айта алмаймын. Жақсы формада болса да, жұлдызы жанбаса бұйырмайды ғой», – деді шорт-тректен Ұлттық құраманың жаттықтырушысы Әсел Камешева.
Айта кетейік, олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың басым бөлігі Алматы қаласынан шыққан. Аталған өңірден 7 отандасымыз Италияда өтетін жарысқа аттанады. Сондай-ақ Ақмола облысының атынан 6 атлет өнер көрсетеді. Ал үштікті Шығыс Қазақстан облысы, Астана және Шымкент қалалары түйіндеп тұр. Бұл аймақтардың әрқайсысынан 4 спортшыдан бақ сынайды.
Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана