Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымы өз мәресіне жетті
«Қайрат» футбол клубы 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды. Алматылық ұжым 26 матчтың қорытындысы бойынша 59 ұпай жинап, алтыннан алқа тақты. Осылайша, сары-қаралар ел чемпиондығын бесінші рет иеленіп, өз тарихында алғаш рет қатарынан екі маусым бойы тұғыр биігінен түспеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматылық «Қайрат» маусымның шешуші ойынында өз алаңында елордалық «Астананы» қабылдады. Ел классикосы саналатын матч ерекше тартыспен өрбіді. Кездесудің 15-минутында Марин Томасов есеп ашып, қонақтарға үміт сыйлады.
Ал аладоп айқасының екінші бөлігінде ойынның қарқыны күшейіп, «Қайрат» толықтай басымдық танытты. 55-минутта жас жұлдыз Дастан Сәтпаев көзге түсіп, чемпиондықтың шешуші голын соқты. Айта кетейік, бұл - оның биылғы маусымдағы 14-голы.
«Дастан Сәтбаев бірінші турда-ақ Астананың қақпасына гол соғып, 16 жасында көзге түскен еді. Қазір 17 жастағы жігіт, міне, бүкіл «Қайратты» маңызды матчта чемпион атандырған оның голы шешуші болды деуге болады. Сондықтан Дастан үшін өте қуаныштымын. Бұл оның алғашқы маусымы болса да, бірден ел чемпионы атанды. Бұған дейін суперкубокты жеңіп алды, әрі бірінші маусымында-ақ Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Еңбегі зор. Шынында, бұл – нағыз бақ, ертегіге бергісіз жағдай. Сол себепті Дастан үшін де, «Қайрат» үшін де өте қуаныштымыз», – деді спорт сарапшысы Рауан Оқас.
Осылайша, 1:1 есебі «Қайратқа» чемпион атану мүмкіншілігін сыйлады. Алматылықтар 2024 жылдан кейін қатарынан екінші рет жеңімпаз атанып, тарихындағы бесінші алтын жүлдесіне қол жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» 1992, 2004, 2020 және 2024 жылдары чемпион атанған еді.
«Алматы – әсем қаламыздың жанкүйерлерін құттықтағым келеді. Мен осы командаға он жылдан бері сеніп, жанкүйерлік танытып келемін. Кеше ғана «Реалдың» келгені – біздің тарихымыз үшін үлкен оқиға. Алдағы жылы өтетін Чемпиондар лигасы бізге, әсіресе жас ойыншыларға, үлкен тәжірибе болады. «Қайрат» командасын чемпиондықпен шын жүректен құттықтаймын», – деді «Қайрат» футбол клубының жанкүйері Ғалымжан Бейтүгелов.
Қазақстан Премьер-лигасының 2025 жылғы маусымы өз мәресіне жетті. Чемпиондар лигасы іріктеуінде ел намысын жеңімпаз атанған «Қайрат» қорғайды. Ал Конференция лигасына жолдама елордалық «Астана» мен қостанайлық «Тобылға» бұйырды.
Мәди Мәлік, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Азық-түлік бағасын тұрақтандыру: Алматыда ірі сауда желілерімен меморандумға қол қойылды