«Қайрат» пен «Пафос» арасындағы матч билеттері қайда сатылады

14.10.2025 21:03

Ал «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойынға кіре алмаған жанкүйерлердің ақшасы қайтарылады

«Футбол ойындарына тек ресми қосымшалардан билет сатып алсаңыз, ешқандай мәселе туындамайды». Бұл туралы Алматыда өткен жиында сатылымға жауапты компанияның коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, жергілікті «Қайрат» пен испаниялық «Реал Мадрид» ойынындағы билетке қатысты мәселелер кипрлық «Пафосқа» қарсы матчта қайталанбайды. Себебі бұл жолы айтулы кездесуге кіру тек екі мобильді қосымша арқылы ғана жүзеге асады. Сонымен қатар бір банк картасы мен бір телефон нөміріне екі билет қана беріледі. Оның әрқайсысына жеке сәйкестендіру нөмірі енгізілуі тиіс. Осылайша, ұйымдастырушылар жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, алыпсатарлықтың алдын алуды көздеп отыр.

«Билеттер негізі іс-шара өтетін күні 5-6 сағат уақыт қалған кезде смс арқылы жіберіледі. Адам бір күн бұрын алып алатын болса, оның пиғылы қандай болатынын білмейміз? Көшірмесін жасап, жалған билет жасауы мүмкін. Нарыққа жалған билет шығып кетпеу үшін қауіпсіздік шараларын қолданып жатқанымыз», – деді компанияның коммуникациялар жөніндегі директоры Азамат Атагелді.

Сонымен қатар жиында «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойынға 207 жанкүйердің кіре алмай қалғаны айтылды. Оның 75-іне қаражат толықтай қайтарылған. Сондай-ақ компания өкілдері нақты дәлел келтіріп, матчқа кіре алмаған жанкүйерлерге әлі де ақшасын қайтаруға дайын екенін жеткізді.

«Егер «Қайрат» – «Реал Мадрид» матчына кіре алмай қалған азаматтар болса, қолдау желіміз ашық, тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан хабарласып, мәселе неден пайда болғанын талқылап,  фото, видео дәлелдерді көрсетсеңіз, ақшаңыз қайтарылады», – деді Азамат Атагелді.

Еске салайық, алматылық клуб Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде екі турдан кейін ұпайсыз келе жатыр. Ал алдағы қарсыласымыз кипрлік «Пафос» бір ғана ұпаймен 32 орынға тұрақтаған.