«Қайрат» Лига чемпиондарының 7-турында «Брюгге» командасын қабылдайды

20.01.2026 16:59

Матч уақыты, өтетін орны, командалардың турнирлік жағдайы және құрамдар туралы біліңіз

Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы соңғы үйдегі кездесуін Астанада өткізеді. Команданың кезекті қарсыласы Бельгия футболының алпауыты, 19 дүркін ел чемпионы «Брюгге»,  деп хабарлайды Аlmaty.tv. тілшісі.

«Қайрат» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі 7-турда Бельгияның тәжірибелі «Брюгге» клубын қабылдайды. Бұл ойын алматылық команда үшін аса күрделі болмақ. Себебі қарсылас – еуропалық жарыстарда тұрақты  өнер көрсетіп келе жатқан, халықаралық тәжірибесі мол ұжым. Оған қоса, Уразбахтин жаттықтыратын «Қайрат» бұл матчқа ұзақ үзілістен кейін шықпақ. Команда соңғы ресми кездесуін шамамен бір ай бұрын «Олимпиакосқа» қарсы өткізген. Соған қарамастан, бас бапкер мен футболшылар алдағы кездесуде барынша күш салуға дайын екендерін жеткізді.

«Біз әзірге бірде-бір ресми матч өткізген жоқпыз. Тек Абу-Даби қаласында 12 күндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Әрине, осындай үзілістен кейін ойын ырғағына қайта келу оңай емес. Дегенмен қуантарлығы, жігіттер демалыс кезінде берілген барлық тапсырманы толық орындады. Сондықтан олар демалыстан кейін әлсіреп келген жоқ, керісінше қалыпты спорттық жағдайда оралды. Сондықтан қандай жағдай болмасын, абыроймен жеңіске жетуді мақсат етіп отырмыз», – деді  «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин.

Айта кету керек, үзіліс кезеңінде «Қайрат» құрамында бірқатар өзгерістер болды. Келісімшарттарының мерзімі аяқталуына байланысты негізгі құрамдағы ойыншылар Офри Арад, Гиорги Зария және Александр Заруцкий командадан кетті. Сонымен қатар Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты ертеңгі матчқа қатыса алмайды. Соған қарамастан, ұжымға жаңа ойыншылар қосылған. Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин бұл кездесуде алаңға тек өткен маусымда команда сапында ойнаған футболшылар шығатынын мәлімдеді.

«Команда сапына жаңадан қосылған футболшылар әзірге бұл ойынға қатыса алмайды. Осыған байланысты өткен маусымда ресми тізімде болған, тәжірибесі бар ойыншыларға ғана үміт артамыз. Үзіліс кезеңінде құрамда түбегейлі өзгерістер жасалған жоқ. Сондықтан алдағы кездесуде соңғы матчтарда алаңға шыққан ойыншыларды көресіздер», – деді «Қайрат» футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин

Ал қарсылас команданың бас бапкері Иван Леко Астанаға жеңіс үшін келгенін айтты. Оның сөзінше, «Қайраттың» қандай тактиканы таңдауы мүмкін екені әзірге беймәлім. Сондықтан команда кез келген ойын сценарийіне дайын болып, матч барысында жағдайға жылдам бейімделуі қажет. Сондай-ақ Иван Леко «Брюгге» құрамында жақсы ойыншылар барын  айтып, табысқа жетудің басты шарты 90 минут бойы жоғары зейін мен тәртіпті сақтап ойнау екенін жеткізді.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана