Референдумға дейін:
16
күн
13
сағат
46
минут

Канада төрінде қазақтың жас хоккейшілері жеңіс тұғырынан көрінді

Команда сапына еліміздің бірнеше клубынан іріктелген ойыншылар енді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Канада төрінде қазақтың жас хоккейшілері жеңіс тұғырынан көрінді. Quebec International Pee-Wee Hockey турнирінде ел намысын қорғаған Astana Team командасы топ жарып, екінші деңгейлі AA Elites жеңімпазы атанды. Чемпиондарды бүгін жанкүйерлер мен ата-аналар Алматы халықаралық әуежайында сән-салтанатпен күтіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Канаданың Квебек қаласында өткенхалықаралық жарыс – 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлемдегі ең танымал турнирлердің бірі. Биыл қазақстандық жас хоккейшілер шеберлігін көрсетіп, тартысқа толы кездесулерде қарсыластарын тізе бүктірді.

Команда сапына еліміздің бірнеше клубынан іріктелген ойыншылар енді. Топтық кезеңде отандастарымыз барлық қарсыласын сенімді жеңіп, плей-оффқа жолдама алды. Ширек финалда алаң иелері – «Quebec Nordiques» командасын 3:1 есебімен ұтты. Жартылай финалда «Quebec Remparts» ұжымынан 2:1 нәтижесімен басым түсті. Ал финалда «Noir d’Or des Montagnes» командасымен өткен тартысты матчта буллиттер сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанды.

«Дайындық жақсы болды, ойын ойнадық. Канадаға келгенде бәрі жақсы болды. Командалар өте мықты. Дегенмен, жеңдік!» – деді «Astana Team» ойыншысы Жантөре Асхатұлы.

«Бір тәуліктен аз уақытта 3 ойын болды. Балалар өз-өзіне келуіне де уақыт болмады. Сол кезде 1:3 есебімен есе жіберіп жаттық. Дегенмен мұз жабындысын реттеген уақытта балалармен жиналып, маңызды сәттерді талқылап, рухтанып айдынға жаңа күш-жігермен шықтық. Сол кезде жеңіске сенімділік арта түсті», – деді жаттықтырушы Владимир Захаров.

AA Elites дивизионында топ жарған «Astana Team» келесі маусымда ең жоғары деңгейдегі AAA дивизионында өнер көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл жөніндегі шешімді турнирдің ұйымдастыру комитеті қабылдайды.

Айта кету керек, отандық команда додаға екінші жыл қатарынан қатысып отыр. 2024 жылы Францияда өткен іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, осы дивизионға жолдама алған. Жас хоккейшілердің жеңісін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы халықаралық жарыста ел абыройын асқақтатқан спортшыларды құттықтап, алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жетуін тіледі.

Әйкерім Пернебек, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоровты Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды

Новости партнеров