Каратэден қос отандасымыз Жапониядағы беделді турнирде сәтті өнер көрсетті

23.07.2026 11:58

Жалпы турнир ерлер арасында әлемнің таңдаулы 9, әйелдер арасында 8 үздік татами шеберінің басын қосты

t.me/Turizm_jane_sport_ministrligi

Жапония астанасы Токиода аяқталған шинкиокушинкай каратэден беделді «Чемпиондардың чемпионы TOP-9» халықаралық жарысында Қазақстан командасы 2 медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Almaty.tv ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Атап айтқанда, ерлер арасында Анджей Кинзерский барлық қарсыласынан айласын асырып, алтыннан алқа тақты.

Жартылай финалда ол Энтас Хаускастан (Литва) 5-0 есебімен басым түсті.

Финалда Анджей тағы бір отандасымыз Антон Зимаревпен күш сынасты. Антон Паулюс Зимантасты ұтып, шешуші жекпе-жекке жолдама алған.

Атап өтерлігі, биыл жарыс барысында алғаш рет екі шетелдік спортшы ақтық сынға шығып отыр.

Соның нәтижесінде Анджей бас жүлде 10 миллион жапон иеніне, ал Антон 2 миллион иенге ие болды.

Жалпы турнир ерлер арасында әлемнің таңдаулы 9, әйелдер арасында 8 үздік татами шеберінің басын қосты.

Еске сала кетейік, Анджей Кинзерский былтыр жалпы ұлттық Жапония чемпионатында топ жарып, мұндай көрсеткіш тіркеген тұңғыш шетелдік спортшы атанған.

Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: азаматтарға тек ресми ақпаратқа сенуге кеңес берілді