Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады
Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бесінші алтын медалін еншіледі. Жеңіс тұғырынан аралас жекпе-жектен сынға түскен Еркінғали Бүркіталин көрінді, деп хабарлайды Almaty.tv.
77 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған отандасымыз финалда бахрейндік Мұхаммед Нәбиевті айқын басымдықпен жеңіп, Азия ойындарының чемпионы атанды.
Айта кетейік, MMA Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілді. Бұдан бөлек, каратэден Бэлла Самашева мен Нұрқанат Әжіқанов қола жүлдеге ие болды. Осылайша, қазақстандық каратэшілердің қоржынында екі алтын, бір күміс және екі қола медаль бар.
Жапониядағы XX жазғы Азия ойындары 4 қазанға дейін жалғасады.
«Басқа спорт түрлерінде де медаль үшін күрес жалғасып жатыр. Спорттық гимнастикадан Милад Карими еркін жаттығу бойынша финалға шықты. Қазақстанның ерлер құрамасы да командалық финалға жолдама алды. Стенд атудан да жарыс жалғасуда. Алда Қазақстан құрамасын ауқымды жарыс бағдарламасы күтіп тұр», – деді ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденова.
Оқи отырыңыз: Алматылық спортшылар Азия ойындарында алғашқы жүлделерін жеңіп алды