Қазақстан чемпионаты: Алматыда бәйге аяқталды

Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса шабандоз қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда бәйгеден Қазақстан чемпионатының финалы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден аса шабандоз қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жылқы десе жүрегі алып-ұшып, бәйге десе делебесі қозатын 10 мыңға жуық алматылық мегаполистің ипподромына жиналды. Алғаш болып жарыс жолына құнан мінген шабандоздар шығып, 11 шақырымдық қашықтықта бақ сынады.

«Ат жүрген жерде қазақ жүреді». Бәйгесіз қазақта болмайды. Келешектежарыстың деңгейі көтеріле береді, күмәнім жоқ. Сегіз қалада іріктеу кезеңі өтті. Ұтқан аттар финалға жиналып жатыр», – деді Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев.

Дүбірлі дода бәйгенің 7 түрі бойынша ұйымдастырылды. Мұнда бабы мен бағы келіскен жүзден аса шабандоз әр түрлі қашықтықта бақ сынады. 9 шақырымдық жорға жарысында Абай облысынан келген Шұнай атты сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып қиып, үздіктер қатарынан көрінсе, 11 шақырымдық құнан бәйгеде Түркістан облысының тұлпары қарсыластарын шаң қаптырды.

Айта кетейік, бұл тартысты додада жалпы жүлде қоры 110 миллион теңгеге жуық болды.

«Сезім күшті! Бәріне жұғысты болсын! Осындай дәрежеге еңбектің арқасында жеттім», – деді құнан бәйге жеңімпазы Арнат Мұратхан.

Айта кетейік, келер жылы дүбірлі дода ауқымын арттырмақ. Бәйге федерациясының президентінің айтуынша, чемпионатқа жаңа қалалар қосылып, тартысқа түсетін тұлпарлар мен шабандоздар қатары көбейеді. Сондай-ақ келесі жылғы бәйгеде жүлде қоры да көбейіп, жарыстың сәні мен салмағы арта түспек.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Қайрат» - «Пафос»: тартысты кездесудің билеттері сатылымға шықты

Новости партнеров