Қазақстан футбол академиясына FIFA мәртебесі берілді

Салтанатты іс-шара FIFA-ның жаһандық даму жөніндегі директоры Стивен Мартинстың алғы сөзінен басталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан футбол академиясына FIFA мәртебесі берілді. Осыған орай Алматы облысы, Талғар қаласында орналасқан аяқдопшылар мектебінде салтанатты іс-шара өтті. Оған отандық футбол ардагерлері мен халықаралық қауымдастықтың өкілдері қатысты, деп хабарлайсты Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты іс-шара FIFA-ның жаһандық даму жөніндегі директоры Стивен Мартинстың алғы сөзінен басталды. Артынша қазақстандық футбол жаңа белеске көтерілді. Еліміздің аяқдопшылар академиясына ресми түрде FIFA Talent Academy мәртебесі берілді.

Әлемнің түкпір-түкпірінде FIFA-ның қырыққа жуық таланттар академиясы жұмыс істеп тұр. Енді сол беделді қатарды Қазақстан футбол федерациясының аяқдопшылар мектебі толықтырды. Отандық футбол мамандарының айтуынша, бұл бастама жасөспірімдерді халықаралық деңгейдегі стандарттар бойынша тәрбиелеп, жаңа буын футболшыларды қалыптастыруда маңызды қадам саналады.

«Бүгін – Қазақстан футболы үшін айтулы күн. Себебі Футбол қауымдастықтарының халықаралық федерациясының арнайы мәртебесіне ие болдық. Бұл отандық футболды дамытары анық. Өте қуаныштымын!», – деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория.

Бүгінде Талғардағы футбол мектебінде 46 жас аяқдопшы шеберлігін шыңдап жүр екен. Олардың қатарында 2010 жылы туған 23 жасөспірім бар. Алдағы уақытта бұл жас таланттарды әлемдік деңгейдегі мамандар баптап, ұлттық құрама сапына лайықты мықты ойыншыларды тәрбиелеуге ден қоймақ.

«Бұл жоба бізге әлемдік деңгейдегі мамандардың тәжірибесін әкеледі. Мәселен бүгінгі құрметті қонақтар арасында таланттарды іріктеу саласының майталманы бар. Ол он жыл бойы «Арсеналдың» аңызға айналған жаттықтырушысы Арсен Венгермен бірге жұмыс істеген. Мұндай сарапшылардың академияға келуі – жасөспірімдер футболының дамуына серпін берері сөзсіз», – деді Қазақстан Футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртул.

Айта кету керек, биылғы жыл қазақ футболы үшін айрықша табыстарға толы болды. Соның ішінде «Қайрат» футбол клубы алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды. Алматылық ұжым бұған дейін шотландиялық «Селтикті» пенальтилер сериясында жеңіп, жанкүйерлерін тарихи жеңісімен қуантқані.

Мәди Мәлік. Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Президент жоғары жетістігі үшін бір топ спортшы мен бапкерді марапаттады

Новости партнеров