Қазақстандық спортшы самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

09.11.2025 15:29

Әлем чемпионаты 7-9 қараша аралығында Бішкекте өтіп жатыр

instagram.com/sambo.qazaqstan/

Маңғыстау облысының спортшысы Нұрсұлтан Жұбатқан Бішкекте самбодан өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Жұбатқан 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, алғашқы кездесуде АҚШ-тан келген спортшыны, ал келесі белдесуде Қырғызстан өкілімен өткен жекпе-жекте жеңіске жетті. Үшінші айналымда 2021 жылғы әлем чемпионы, тәжікстандық Акмаладин Каримовты ұтып, финалға шықты.

Шешуші белдесуде Нұрсұлтан ресейлік самбошымен күресті. Төрешілер жеңісті Ресей өкіліне бергенімен, Нұрсұлтан қолданған әдіс пен жігері жанкүйерлер тарапынан жоғары бағаланды.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 7-9 қараша аралығында Бішкекте өтіп жатыр. Жарыста спорттық, жауынгерлік самбо және зағип спортшылар арасындағы самбо бойынша барлығы 31 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Еске салайық, Нұрсұлтан Жұбатқан биыл қыркүйекте әмбебап жекпе-жектен екінші рет әлем чемпионы атанған болатын.

Оқи отырыңыз: Президент теннисші Елена Рыбакинаны WTA қорытынды турниріндегі жеңісімен құттықтады