Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу кезеңіндегі ойындарын аяқтады
Футболдан Қазақстан құрамасы Бельгияның әлем чемпионатына жолдама алуын кейінге қалдырды. Астанада өткен тартысты ойында Талғат Байсуфинов баптаған ойыншыларымыз сенсация жасап, 1:1 есебін тіркеді. Кездесуді тамашалауға 28 мың жанкүйер жиналып, командаға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақстан ұлттық құрамасы Бельгиямен тең тарқасты, есеп 1-1. Иә, қарсылас құрамында топ 5 лигада ойнайтын ойыншылар болғанына қарамастан, біздің жігіттер қаймықпай, терезесі тең дәрежеде ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы болып гол соққан Дастан Сәтпаев. Сонымен қатар Темірлан Анарбековті де атап өтпесек болмайды. Ол бүгінгі кездесуде маңызды сейфтер жасап, құрамамызды жеңілістен сақтап қалды. Көрермендер де 90 минут бойы тізесінен тік тұрып, біздің жігіттерге қолдау білдірді.
БЛИЦ:
«Дастан Сәтпаевтің бүгін Бельгияға гол соғатынын көріп өте қуандық. Үлкен мотивациямен шыққаны көрініп тұр. Кенжебекті сәл ойнатқанда мүмкін тағы да бір гол соғатын ба едік. Ойын өте керемет. Анарбековті де жеке айтып кетуге болады, өте керемет».
«Басқа ойындарға қарағанда бүгінгі матч өте қызық болды. Өйткені Бельгиямен тең ойнау – ол біз үшін жеңіс. Жігіттерге ешқандай өкінішіміз жоқ, тек қана алға деп айтамын. Сәтпаев және Әліп, Темірлан үшеуі жақсы деңгейде ойнап шықты деп айта аламын. Жігіттерге рақмет, алға Қазақстан!»
«Бүгінгі ойын өте күшті болды. Біз үшін бұндай командамен 1-1 ойнау – бір деңгей десем қателеспеймін»
Тартысты кездесуде Бельгия тек екінші таймда есепті теңестіре алды. Брюгге ойыншысы Ванакен Темірлан қорғаған қақпадан 48 минутта саңылау тапты. Сонымен қатар Ислам Чесноков 80 минутта қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Бұған қарамастан біздің жігіттер жақсы ойын көрсетті. Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов бұл нәтижені команда еңбегінің жемісі деп бағалады.
«Ойында тұрақтылық болу керек. Осыған орай, 10 балдық шкаламен есептесем, біздің жігіттер 7-ге шықты. Жігіттердің көздері жанып тұр, жетістікке жетуге болады» , – деді Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Талғат Байсуфинов.
Айта кетейік, Бельгияға қарсы өткен кездесу Қазақстан үшін әлем чемпионатына іріктеудегі соңғы ойын болды. Ал ертең ұлттық құрамамыз Фарер аралдарымен жолдастық кездесу өткізеді.
Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Қытай чемпионатында 4 қазақ боксшы жүлдегер атанды