Аты аңызға айналған кубок Алматыда бірнеше сағат қана аялдап, одан әрі дүниежүзілік сапарын жалғастырады
Футбол әлеміндегі ең мәртебелі трофей саналатын әлем чемпионатының кубогы Алматыға жетті. Жаһандық тур аясында таза алтыннан құйылған 6 келілік жүлдені мыңдаған жанкүйер бірнеше сағат бойы тамашалау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл төрткіл дүние көз тіккен төрт жылдықтың басты футбол мерекесі басталады. Канада, АҚШ және Мексика елдері бірлесе қабылдайтын доп додасына бұл жолы 48 ұлттық құрама қатыспақ. Айтулы спорт мерекесіне орай FIFA серіктестерімен бірге жаһандық тур ұйымдастырып, футбол тарихындағы ең мәртебелі трофей саналатын әлем чемпионатының кубогын Алматы төріне әкелді.
Салтанатты іс-шара барысында италиялық футболдың аңызына айналған қорғаушы, 2006 жылғы әлем чемпионы Марко Матерацци таза алтыннан жасалған, салмағы 6 келі тартатын бірегей трофейді жұртшылық назарына ұсынды. Ол жас жанкүйерлермен естелік суретке түсіп, футболға ынтық қауымға ерекше әсер сыйлады.
«Алматымызда керемет іс-шара болып жатыр. Футболдың жұлдыздары Алматыға келіп жатыр. Футболдың кубогын өз көзімізбен бірінші рет көріп жатырмыз. Балаларымыз өте риза. Менің балам «Қайрат» академиясында, қонақ болып келдік», – деді қала тұрғыны Назым Ерғали.
«Аргентина 2026 жылы осы кубокты ұтады деп ойлаймын. Өйткені оларда құрама өте жақсы», – деді оқушы Нұрбол Әлинұр.
Айта кету керек, аты аңызға айналған кубок Алматыда бірнеше сағат қана аялдап, одан әрі дүниежүзілік сапарын жалғастырады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 6 құрлықтағы 50 елді қамтиды. Осылайша әлемнің миллиондаған жанкүйері трофейді өз көзімен көре алады.
«75 қаланы қамтитын халықаралық сапардың маңызды аялдамаларының бірі – Алматы қаласы. Қазақстан үшін бұл – сөзсіз, айрықша әрі тарихи мәні зор оқиға. Салмағы 6 килограмнан асатын, таза алтыннан жасалған түпнұсқа кубокты дәл осы жерде өз көзіңмен көру ерекше әсер сыйлайды. Меніңше бұл сәт әрбір жанкүйерге алдағы чемпионаттың ерекше рухын сезініп, оның атмосферасына енуге мүмкіндік береді», – деді ұйымдастырушы Александра Аккирман.
Еске сала кетейік, түпнұсқа кубокқа қол тигізу екінің біріне бұйырмайды. Бұл мүмкіндік Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен мемлекет басшыларына ғана беріледі.
Мәди Мәлік, Хангелді Ахметханов
Оқи отырыңыз: «Қайрат» футзал клубы жанкүйерлеріне үндеу жасады