Қазақстан құрамасы бұл турнирде тек грек-рим және әйелдер күресінен бақ сынады
Польшаның Варшава қаласында күрес түрлерінен Ziolkowski, Pytlasinski, Poland Open халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бұл турнирде тек грек-рим және әйелдер күресінен бақ сынады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасынан 15 балуан бозкілемге шықты. Олар 7 салмақ дәрежесінде жүлде үшін белдесті. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтеріле алмады.
Дегенмен, Бақытжан Қабдыл 63 келіге дейінгі салмақтың финалында қырғыз балуанына есе жіберіп, күміс медальға қол жеткізді. Ал отандасы Сайфулла Құрман дәл осы салмақта қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар Диас Қалтай (82 келіге дейін) және Ерзат Ерланов (97 келіге дейін) үшінші орыннан көрінді.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасы әйелдер күресінен де жүлделі орындарға ие болды. Отандастарымыз бұл жарысқа толық құраммен қатысқан болатын. Нәтижесінде бір күміс, бір қола медаль еншіледі.
Эльмира Сыздықова 76 келіге дейінгі салмақта екінші орынға көтерілді. Ал 55 келіге дейінгі салмақта белдескен жерлесіміз Зульфия Яхьярова қола медальді қанжығасына байлады. Одан бөлек, Светлана Анкичева (50 келіге дейін) жартылай финалға дейін жетті. Алайда қола медаль үшін өткен белдесуде жеңіліп қалды.
Оқи отырыңыз: Азия ойындарында үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға 372,6 миллион теңге бөлінді