Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі: Қазақстан мен Уэльс құрамалары 3 ұпайды сарапқа салып жатыр

04.09.2025 19:16

Астана Арена стадионында ине шаншар орын қалмаған

Елордада 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Уэльс құрамалары 3 ұпайды сарапқа салып жатыр. J тобындағы құрамалардың ішінде 3 ойыннан кейін Уэльс 7 ұпаймен екінші орында. Төртінші орындағы Қазақстанның 3 ұпайы бар. Олардан басқа аталған топта Солтүстік Македония, Бельгия және Лихтенштейн сынға түседі. Сондай-ақ матч қарсаңында Қазақстан құрамасы, мансаптарын аяқтаған Асхат Тағыберген мен Александр Марочкинге алғысын білдіріп, құрметпен шығарып салады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Чемпиондар лигасындағы Қайраттың сәтті жорығын құрамамыз жалғастырады деп ойлаймыз. Ойын сағат 19:00-де басталды. Бүгін кездесу екі құрама үшін де өте маңызды. Қарсылас осал емес құрамындағы 95 пайыз ойыншылар Ағылшын Премьер лигасында доп тебеді. Десе де ұлттық құрамамыздың бас бапкері Әли Әлиев алдағы матчтарға тактикалық-техникалық тұрғыдан қазір ең мықтыларын шақырғанын айтты. Расында өткен кездесулермен салыстырғанда құрамға бірнеше жас ойыншылар қосылған. Қарағанды облысы футбол федерациясының президенті Тимур Турлов та дәл осы жастарға сеніп, ұлттық құрамаға соңына дейін жанкүйер болмақ. 

«Мен біздің құрамаға жанкүйер боламын. Біздің жастарымыз футболда да, шахматта да, финтехте де өте дарынды. Сондықтан олардың жетістікке жетеріне сенемін. Кейде жігіттеріміз қиындықтарға қарамастан ғажайып нәтижелер көрсетеді. Сондықтан бүгінгі кездесуде жанкүйер боламын. Бұл жолы бізде жеңіске бастар мүмкіндіктер болатынына сенемін», – деді Қарағанды облысы Футбол федерациясының президенті тимур Турлов.

Астана Арена стадионында ине шаншар орын қалмаған. 30 мың билеттің бәрі өтіп кеткен. Шетелдік жанкүйерлер де өте көп. Уэльстен арнайы 3 мыңға жуық адам келіпті. Ал біздің құраманы қолдауға тек елордадан ғана емес еліміздің түкпір түкпірінен көрермен жиналған.

«Жанкүйер ретінде ұлттық командаға сәттілік тілейміз. Құдай қаласа, келесі жылы әлем чемпионатында көруді тілейміз. Алға, Қазақстан!» – деді жанкүйер.

Айта кетейік, бүгінгі кездесуге Алматылық «Қайрат» сапында Чемпиондар лигасының іріктеуінде керемет ойын өрнегін көрсеткен Еркін Тапалов жарақатына байланысты қатыса алмады. Денсаулығы сыр беріп тізімге енбегендердің қатарында Бақтияр Зайнутдиновте бар. Енді құрамамыз келесі кездесуін 7 қыркүйекте сырт алаңда әлемдік алпауыттардың бірі Белгияға қарсы өткізеді.

Оқи отырыңыз: “Қайрат” – “Реал Мадрид”: полиция жалған билет сатушыларға қатысты ескертті