Михаил Шайдоровты Астана әуежайында салтанатты түрде қарсы алды

25.02.2026 01:51

2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров пен мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделькина елге оралды. Астана халықаралық әуежайында спортшыларды мыңға жуық жанкүйер, туған-туыстары мен спорт саласының өкілдері айрықша құрметпен қарсы алды. Салтанатты күтіп алу рәсімінде чемпионға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv 

Бұл – 32 жыл бойы ел күткен тарихи жетістік. Сол қуанышты сәттің иесі Михайл Шайдоров елге оралды. Бұл – тұтас елдің жеңісі. Әуежай маңында нағыз мерекелік көңіл-күй. Қолдарына көк ту ұстап, чемпионымызды құрметпен қарсы алуға жиналған халықтың қарасы қалың.

Түн ортасына қарамастан жанкүйерлер әуежайға арнайы жиналып, чемпионға зор құрмет көрсетті. Жұрт алтын жүлде иесіне халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып, барша халыққа тарихи қуаныш сыйлағаны үшін шынайы алғысын білдірді.

«Олимпиада чемпионы – Михаил Шайдоровты қолдауға келіп тұрмын. Себебі ол жігіт жас болса да Қазақстанды күллі әлемге танытқанына қуанышытымын. Гүл шоғымды алып арнайы келіп тұрмын», – деді қала тұрғыны.

«Бұл –  шын мәнінде феномен. Ол – өзін-өзі жасаған, бәріне өз еңбегі мен қайсар мінезінің арқасында жеткен жігіт», – деді қала тұрғыны.

Салтанатты сәтте Михаил Шайдоровқа үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Сондай-ақ Софья Самоделкина мен жаттықтырушыларға да бір бөлмелі пәтерлер беріліп, олардың еңбегі мен жетістігі лайықты бағаланды. Өз кезегінде чемпион жанкүйер болып, тақым қысқан барша отандасына жүрекжарды ризашылығын білдірді. Сөзінше, Олимпиада алаңында Қазақстанның көк байрағы асқақтап, Әнұран шырқалған сәт спортшының ғұмырындағы ең толқулы әрі мақтанышқа толы сәттердің бірі болған.

«Олимпиада ойындарында туымыз ең биік, құрметті жерге ілінген кезде жүрегімді елге деген мақтаныш кернеді. Маған көп жылы сөз айтылды. Мені қолдап жүрген баршаңызға, шын жүректен алғыс айтамын. Осындай керемет сыйлықтарыңызға рахмет! Шынымды айтсам, айтар сөзім жоқ. Қолдау танытқандарыңызға, мың алғыс! Бұл – ары қарай да дамып, еліміздің атын шығара беруге зор мотивация. Барлығыңызға, рахмет!» – деді ХХV Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров

Сондай-ақ спортшыны күтіп алуға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов пен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин арнайы қатысты. Жиын барысында Геннадий Головкин алдымен спортшыларды жеңіс тұғырына шығарған жаттықтырушылардың еңбегіне ерекше тоқталып, олардың кәсіби шеберлігі мен табандылығы чемпион тәрбиелеуде шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

«Елге алтын медальмен оралудың қандай сезім екенін жақсы түсінемін. Біздің нағыз батырларымыз – спортшылар. Ең алдымен жаттықтырушыларға алғыс айтқым келеді. Дәл осы мамандар чемпиондарды тәрбиелеп шығарды, үнемі жанынан табылды. Министрлік, федерация және Ұлттық олимпиада комитеті әрдайым қолдау көрсетті. Қазақстан бұл жеңіске лайық», – деді Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасына қысқы Олимпиада ойындарындағы соңғы алтын жүлдені 1994 жылы мәнерлеп сырғанаушы Владимир Смирнов сыйлаған болатын. Содан бері араға 32 жыл салып, биылғы додада Михаил Шайдоров ел қоржынына тарихи алтын медаль салды. Қысқа бағдарлама қорытындысы бойынша ол бесінші орынға тұрақтаған. Алайда еркін бағдарламада бар шеберлігін паш етіп, шешуші сәтте жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Оқи отырыңыз: Спорттық гимнастика: Нариман Курбанов әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды