Тартысты матч: «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбеден» басым түсті

17.03.2026 09:00

Алматылық клуб екінші турдан кейін ҚПЛ-2026 турнирлік кестесінде көш бастады

Depositphotos.com

Алматыдағы Орталық стадионда «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасында матч өтті. Кездесу «сары-қаралардың» пайдасына ең төменгі есеппен аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ойынның бірінші таймы 0:0 есебімен аяқталды. Алғашқы кезеңде қақпашылар Темірлан Анарбеков пен оның бұрынғы командаласы Александр Заруцкийдің қауіпті соққылардан қақпаны аман алып қалған сәттері (сейвтері) ерекше есте қалды.

Қақпашылар дуэлі екінші таймда да жалғасып, ойын бұрынғы қарқынында өрбіді. Алайда екі клубтың жаттықтырушылары да тең есепке келіспей, қосалқы құрамдағы мықты ойыншыларын алаңға шығарды.

«Қайрат» сапынан Дастан Сәтпаев, ал «Ақтөбеден» португалиялық Нани қосылды. Осыдан кейін ойын шиеленісе түсіп, 76-минутта қонақтардың қақпасына доп дарыды.

Матч барысында қауіпті сәттер де аз болған жоқ. Анарбеков допты қайтарамын деп алаңға сәтсіз құлады. Бұл жағдай барлық жанкүйерлердің есіне «Реалмен» болар матч алдында, дәл осындай жағдайда және дәл «Ақтөбемен» ойында қақпашының иегінен алған жарақатын түсірді. Бірақ бұл жолы бәрі сәтті аяқталды.

Есеп ашылғаннан кейін ойын жандана түсіп, футболшылар соңғы минуттарға дейін аянып қалмады. Тіпті қосымша уақыт та ақтөбеліктерге есепті теңестіруге көмектеспеді — «Қайрат» жеңісті қолдан берген жоқ.

Осылайша, «Қайрат» алты ұпай жинап, ҚПЛ-2026 турнирлік кестесінде жалғыз өзі көш бастады. Келесі турда, 21 наурызда алматылықтар «Жетісуға» қарсы ойнаса, «Ақтөбе» өз алаңында «Елімайды» қабылдайды.

Оқи отырыңыз: Балалар спортын қаржыландыру көлемі екі есеге артады