Референдумға дейін:
19
күн
18
сағат
3
минут

Панда образында өнер көрсеткен Михаил Шайдоровты Джеки Чан құттықтады

instagram.com/isufigureskating
instagram.com/isufigureskating

Көрермендер оның өнерін өте жылы қабылдады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Милан–Кортинада өткен қысқы Олимпиада ойындарының гала-кешінде ерекше образбен көпшілікті тәнті етті. Ерлер арасындағы жарыста сәтті өнер көрсеткен ол көрсетілімдік бағдарламада Кунг-фу Панда мультфильміндегі По панданың рөлін сомдап, мұз үстінде жарқын шоу ұсынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.  

Ауыр әрі көлемді костюмге қарамастан, спортшы бірнеше күрделі секіріс элементтерін орындап, көркемдік пен техниканы шебер үйлестіре білді. Гала-кеш форматы бойынша бұл бағдарламада ұпай есептелмейді, сондықтан қатысушылар өздерінің шығармашылық қырын көрсетуге мүмкіндік алады. Шайдоровтың қойылымы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зал ұзақ уақыт бойы қол соқты.

Кештің басты тосынсыйы номер аяқталғаннан кейін болды. Мұз айдыны жиегінде спортшыны әйгілі актер Джеки Чан қарсы алды. Қолына ойыншық пандалар ұстаған кино жұлдызы қазақстандық спортшыны құшақтап, жарқын образ бен тамаша өнері үшін алғысын білдірді.

Кейін Шайдоров костюммен өнер көрсету оңай болмағанын мойындады. Оның айтуынша, қалың киім ішінде өте ыстық болып, қозғалыс пен секірулерді орындау қиынға түскен. Сондай-ақ ол Джеки Чанның аренаға келгенін мұз үстінде жүрген кезде ғана естігенін айтты. Өнер көрсетуден соң екеуі бірге суретке түсіп, актер спортшыны гала-шоуды тамашалауға шақырған.

Еске салайық, Михаил Шайдоров Италияда өткен Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудан чемпион атанды. Қысқа бағдарламадан кейін 21 жастағы қазақстандық бесінші орында тұрған болатын. Алайда еркін бағдарламада қателікке жол бермей, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 291,58 ұпай жинап, жалпы есепте бірінші орынға көтерілді.

Бұл жүлде — Қазақстан үшін аталған Олимпиададағы алғашқы медаль әрі ерлер арасындағы жеке мәнерлеп сырғанаудағы ел тарихындағы екінші жүлде. Бұған дейін 2014 жылы Денис Тен Олимпиадада қола медаль жеңіп алған еді.

Олимпиададағы тарихи жеңісі үшін Михаил Шайдоров Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің шешімімен «Барыс» орденімен марапатталды.

Оқи отырыңыз: Спорттық гимнастика: Нариман Курбанов әлем кубогы кезеңінің қола жүлдегері атанды

Новости партнеров