Әлем кубогының жүлдегері Ақмарал Ерекешева Қазақстан чемпионы атанды

19.05.2026 13:00

Астанада көркем гимнастикадан Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті

Depositphotos

Елорда төрінде маусымның басты ішкі жарысы — көркем гимнастикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті. Елдің кіл мықты спортшылары жекелей, топтық және командалық көпсайыста бақ сынап, өзара үздіктерді анықтады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жекелей көпсайыс бәсекесінде ерекше шеберлігімен көзге түскен Ақмарал Ерекешева қарсыластарынан оқ бойы озып шығып, алтын медальді қоржынға салды. Айта кетейік, Ақмарал халықаралық додаларда да ел намысын абыроймен қорғап жүр. Ол жақында ғана, яғни сәуір айында Бакуде (Әзербайжан) өткен Әлем кубогының кезеңінде қола жүлдегер атанған болатын.

Жекелей сында екінші орынды Айбота Ертайқызы иеленсе, үздік үштікті Айым Мейржанова түйіндеп, ел чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Топтық жаттығулар сайысында Астана қаласының құрамасы қимыл-қозғалыс үйлесімділігі мен бағдарлама күрделілігі бойынша теңдессіз екенін дәлелдеп, бас жүлдені жеңіп алды. Күміс жүлде Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) гимнастарына бұйырса, үшінші орынды Алматы қаласының құрамасы қанағат тұтты.

Командалық көпсайыс қорытындысы бойынша да Астана құрамасы алдына жан салмады. Елордалық арулар бас жүлдені жеңіп алып, өз үйлеріндегі чемпионаттың абсолютті жеңімпазы атанды. Екінші нәтижені Шымкент қаласының спортшылары көрсетсе, алматылық гимнастар үшінші орыннан көрініп, тағы бір қола медальді иеленді.

Оқи отырыңыз: Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды