Шайбалы хоккейден әлем чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы үздік үштікке енді

19.04.2026 16:24

Қазақстандық хоккейшілер жарыс барысында бес кездесу өткізді

Спортты дамыту дирекциясы

Испанияның Пучсерда қаласында 12–18 сәуір аралығында әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының IB дивизионы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv

Спортты дамыту дирекциясынан хабарлағандай, аталған додада Қазақстан Ұлттық құрамасы сәтті өнер көрсетіп, турнир қорытындысы бойынша үшінші орынды иеленді.

Қазақстандық хоккейшілер жарыс барысында бес кездесу өткізді.

Алғашқы ойында Латвия құрамасына буллиттер сериясында 2:3 есебімен жол берді.

Одан кейін Нидерландыға 0:3 есебімен есе жіберді. Үшінші матчта отандастарымыз Испанияны 3:2 есебімен жеңіп, маңызды ұпай еншіледі.

Келесі кездесуде Оңтүстік Кореяны тартысты ойында 4:3 есебімен ұтты.

Соңғы турда Ұлыбритания құрамасымен кездесіп, 1:3 есебімен жеңілді.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Нидерланды иеленсе, екінші орын Ұлыбритания құрамасына бұйырды.

Қазақстан құрамасы үздік үштікті түйіндеді.

Төртінші орынға Оңтүстік Корея жайғасса, Латвия бесінші, ал Испания алтыншы орыннан көрінді.

Оқи отырыңыз: Қазақстан құрамасы дзюдодан Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды