Семейде дзюдодан ҚР чемпионаты басталды

10.11.2025 13:16

Жарыста еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 569 спортшы14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды

Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Семейде дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, Ерлер мен әйелдер арасындағы ҚР чемпионаты «Арена» спорт кешенінде 10-13 қараша аралығында өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жарыста еліміздің барлық өңірлерінен жиналған 569 спортшы14 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды.

Чемпионаттың ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Тимур Болат, 2024 жылғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов қатысты.

"Чемпионаттың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына атсалысқан облыс басшылығына, спорт саласының өкілдеріне және барша жанашыр азаматтарға зор алғысымды білдіремін. Болашақта еліміздің атын асқақтатып, Олимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбірететін спортшылар өсіп шығатынына кәміл сенемін. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!", - деді Елдос Сметов.

Облыста дзюдо спорты жақсы дамып келеді. Биыл Джакартада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жерлестеріміз Фархат Зейнолла алтын, Аяжан Ринатқызы қола жүлдеге ие болды. Ақтөбеде өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында облыс құрамасы екі алтын, үш күміс, екі қола алып, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды.

Облыстағы 26 спорт мекемесінде барлығы 14 мыңнан аса спортшы жаттығады. Әртүрлі спорт түрлері бойынша 2025 жылы Абай облысының 451 спортшысы Қазақстан Республикасының құрама командасына енді. Жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық жарыстарда 1662 медаль, халықаралық жарыстарда 286 медаль иеленді. Қазіргі таңда облыста 20 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде.

Оқи отырыңыз: Қазақстандық спортшы самбодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды