Шахматтан әйелдер құрамасы елге оралды

25.09.2024 23:09

Дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді

45-Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында тарихи нәтижеге қол жеткізген еліміздің әйелдер құрамасы Алматыға оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Астана әуежайында Туризм және спорт министрімен кездескен Ксения Балабаева мен Алуа Нұрманды Алматыда жақындары мен Қазақстан шахмат федерациясының мүшелері күтіп алды. Мажарстан астанасы Будапештте өткен олимпиадада қыздарымыз 11 ойында 18 ұпай жинап, күміс медаль иеленген.

"Қарсыластар өте мықты болды. Әр матч маңызды болғандықтан, бар күшімізді салдық. Күн сайын 6 сағаттап ойнадық. Үндістан мен Грузияға қарсы кездесулер қиындау болды. Бірақ жақсы нәтиже көрсете алдық", – деді шахмат олимпиадасының жүлдегері Ксения Балабаева.

"Мен үшін ұзаққа созылған турнир болды. Бұл – менің олимпиададағы дебютім. Алғашында толқыдым. Бірақ кейіннен бапкерлер мен жанкүйерлердің қолдауын сезініп, өзімді қолға алдым. Әйелдер құрамасының жеңісін бізге қарап бой түзеп келе жатқан балаларға арнадық", – деді шахмат олимпиадасының жүлдегері Алуа Нұрман.

Олимпиаданың соңғы турында отандастарымыз АҚШ құрамасымен 2:2 есебімен тең ойын көрсетті. Нәтижесінде спортшылар Үндістаннан 1 ұпайға артта қалып, екінші орынға жайғасты.

Еске салайық, дүниежүзілік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді.

"Ксенияны бала кезінен анасы екеуіміз үнемі турнирге шығарып салып, күтіп алып жүреміз. Қыздар үздік нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Еліміздегі Шахмат федерациясы жас шахматшыларды керемет қолдап келеді. Сол үшін ризамын. Алда жеңісті күндер көп болатынына сенімім мол", – деді К. Балабаеваның әкесі Олег Балабаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық тәлімбақтар көрмесі өтіп жатыр