Стенд ату: Қазақстан атынан Әсем Орынбай финалға шықты

05.05.2026 20:39

Алматы облысында стенд атудан рейтингтік әлем кубогы өтіп жатыр

Алматы облысында стенд атудан рейтингтік әлем кубогы өтіп жатыр. Америка Құрама Штаттарында өтетін 34-жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін сайысқа 40-тан аса мемлекеттен 550 адам келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық сайыс Александр Асанов атындағы ату базасында өтіп жатыр. Додаға Аустралия, Австрия, АҚШ, Мажарстан, Германия, Жапония секілді 42 алпауыт елден келген 350 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда.

«Іс-шара өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар жиналған. Олар алтын үшін таласады. Қазақстан ұлттық спорттық ату федерациясына алғыс айтқым келеді», – деді халықаралық Спорттық ату федерациясының президенті Лучано Росси

  «Жастар арасында Азия чемпионымын. Биыл қаңтарда Дохада өткен сайыста жеңімпаз атандым. Қазір Алматы қаласына Әлем кубогына келдік. Бұйырса жақсы нәтиже көрсетіп, Өзбекстан туын биікке көтеремін деп ойлаймын», – деді Өзбекстан Республикасының спортшысы Охунжон Абдукодиров.

10 күнге созылатын турнирде мергендер бірнеше жаттығу түрінен сайысқа түседі. Бүгін стенд атудан скит санатында финалдық бәсеке өтті. Оған әйелдер арасында 52 адамнан үздік шыққан 8 спортшы қатысуға мүмкіндік алған. Финалистер сапында Қазақстан атынан Әсем Орынбай есімді отандасымыз бар. Жүзден жүйрік шыққандар алтын медальға қол жеткізіп, әлемдік деңгейдегі рейтингтік көрсеткішін арттырады.

«Әлем кубогын төртінші рет өткізіп жатырмыз. Бірінші рет 2014, 2021 жылы жастар арасында өткіздік, 2023 жылы ересектер арасында 41 мемлекет қатысқан. Бұл жолы 42 мемлекет қатысып отыр. Қазіргі таңда финал өтіп жатыр. Финалда Алматы облысының спортшысы Әсем Орынбай әйелдер арасында скит жаттығуында қатысып отыр», – деді Қазақстан ұлттық спорттық ату федерациясының өкілі Малика Жәлелова

Әлем кубогы – мергендер үшін тек жүлде ғана емес, Олимп шыңын бағындыруға бағытталған маңызды кезең.

Айта кетейік, турнир 10 мамырға дейін жалғасып, қатысушылар өзге санаттар бойынша да сынға түседі.

Олжас Омарбек, Ернат Болатбек, Алматы облысы

Оқи отырыңыз: Семейде Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир басталды