Студенттер лигасы: Алматыда волейбол мен футболдан турнир аяқталды

26.05.2025 17:04

Жарыс соңында үздік ойыншылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды

Алматыда волейбол мен футболдан студенттер лигасы аяқталды. Бұл турнир  35 университеттен жиналған жүздеген ойыыншы үшін өз мүмкіндігін көрсететін басты алаңға айналды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда өткен студенттер лигасы шынайы бәсекеге толы болды. Демалыс күндері турнирдің волейбол және футболдан көктемгі іріктеу ойындары өтті. Финалдық матчтар қаланың жетекші спорт кешендері мен стадиондарында ұйымдастырылып, қызу тартысқа толы болды.

 «Бұрын-соңды болмаған тарих жазылып жатыр. Студенттер үшін үлкен дода ұйымдастырылмаған. Студенттер жарысқа қатысуға лайықты деп ойлаймын. Әр студент үшін жарысқа тегін қатысу мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл – студенттер үшін үлкен мотивация», – деді Волейбол федерациясының бас хатшысы Әнуар Жақыпұлы.

Волейбол жарысында ерлер арасында Сүлеймен Демирел университеті мен Қазақ спорт және туризм академиясы командалары ақтық кездесу өткізсе, қыздар арасында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қазақ спорт және туризм академиясы шешуші ойын көрсетті. Командалар бұған дейін бірнеше кезеңді артқа тастап, финалға жеткен еді.

«Бүгінгі күнге дейін 7-8 команданы ұттық. Финалға шықтық. Бұйырса, жеңіске жетуге тілектеспіз. Ал жеңімпаздар – Түркістанда өтетін республикалық универсиадаға жолдама алады», – деді жаттықтырушы Мурадил Шамахунов

Қызу бәсекенің нәтижесінде Қазақ спорт және туризм академиясы волейболдан ерлер арасында чемпион атанды. Команда 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Екінші орынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ал үшінші орынды Сәтбаев университеті еншіледі. Сонымен қатар «Жас қыран» стадионында футбол финалы өтті. Мұнда да Қазақ спорт және туризм академиясының командасы өзгелерден оза шауып, жеңіс тұғырынан көрінді.

«Бірде-бір рет ұтылып көрмеп едік. Бұл – команданың бірлігінің арқасы. Бұл жолы кішкене әлсіздік таныттық, бірақ қарсылас командаға, рақмет. Нағыз тәжірибе болды», – деді «Үздік ойыншы» номинациясының иегері Даниэль Қожан.

Жарыс соңында үздік ойыншылар түрлі аталымдар бойынша марапатталды. Студенттер лигасы – болашақ чемпиондар өсетін алаң. Бұл дода тек жеңіспен ғана емес, достықпен, ынтымақпен, салауатты өмір салтын дәріптеумен де есте қалды.

Аяулым Жұмабек, Ғани Қалуов