Қазіргі уақытта Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында Мемлекет басшысының жаңа қаланы дамыту, арнайы құқықтық режимді жүзеге асыру, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv Үкіметтің баспасөз қыземтіне сілтеме жасап.
Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Alatau City жобасын стратегиялық маңызы бар және болашақта елдің дамуын сапалы жаңа деңгейге шығаруға қабілетті деп айқындағанын атап өтті.
Қазіргі уақытта Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $6,9 млрд-ты құрайды әрі мұнда 55 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар. Бірқатар кәсіпорындардың жобалары қарқынды жүзеге асырылуда. Өзге де бірнеше компанияның ірі өндірістік және логистикалық жобалары бойынша жұмыстар басталды. Жалпы ауданы 5,3 млн шаршы метр болатын нысандар орналасқан 330 гектар аумақты кешенді түрде дамыту тұжырымдамасы әзірленді: мастер-жоспарды және техникалық-экономикалық негіздемені 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Инвестицияларды одан әрі тарту шеңберінде бірқатар жаңа ірі жобалар пысықталуда. Олардың қатарында тұрақты авиациялық отын және жасыл энергетика өндірісі саласындағы жобасын, KAIST ғылыми институтының филиалын ашу, логистика, деректерді өңдеу және цифрлық инфрақұрылым саласындағы жобалар, сондай-ақ жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешен бар. Қазақ-корей бірлескен инвестициялық қорын қалыптастыру, өндірістік-логистикалық кешен салу, смарт-ұтқырлық пен сутегі технологияларын дамыту жөніндегі жекелеген уағдаластықтарға қол жеткізілді.
Alatau Crypto City-ді дамыту бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. ҚР Ұлттық банкімен бірлесіп Tokenization by Default тұжырымдамасы дайындалды. Токенизация жобаларына қатысуға қызығушылық танытатынын 43 халықаралық және қазақстандық компания растады. 2026 жылдың соңына дейін токенизация жобаларын іске қосу жоспарлануда, олардың жалпы көлемі $10 млн-ға жетуі мүмкін.
Кеңес отырысында қаланың инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға назар аударылды. 26 инфрақұрылымдық жоба қарастырылған. Электрмен жабдықтау саласында Көкпа-1 қосалқы стансасын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жобалардың бір бөлігі құрылыс-монтаждау жұмыстарының аяқталу сатысында, ал қалған жобалар бойынша мердігер ұйымдар айқындалды. Жол инфрақұрылымы аясында 61,2 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізу және 15 шақырым жаңа автомобиль жолын салу көзделген.
Жалпы, инженерлік желілер, көлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылым озық қарқынмен қалыптастырылатын болады. Бұл жұмысты тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында Алатау қаласының инфрақұрылымын дамыту мәселелері қаралды. Алдағы кезеңде бұл бағыт бюджет қаражатын, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін, сондай-ақ жеке және квазимемлекеттік инвестицияларды ұштастыруды көздейді.
Бұдан бөлек, жыл соңына дейін бизнесті дамыту, цифрлық активтер және басқа да мәселелерді реттейтін құжаттар топтамасын қабылдау жоспарланып отыр. Халықаралық компанияларды тарта отырып, қаланы 2040 жылға дейін дамытудың стратегиялық мастер-жоспары және 2055 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жоспары әзірленуде.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр Alatau City қаласының дамуындағы негізгі бағыттар бойынша жобаларды одан әрі практикалық жүзеге асыруды және белгіленген мерзімдердің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда күзде қандай ірі халықаралық спорттық іс-шаралар өткізеді