ATP 250 Almaty Open: жұптық сын жеңімпаздары анықталды

20.10.2024 16:10

Турнирдің финалдық ойындары өтіп жатыр

 

 

Алматыда АТР 250 Almaty Open сериясындағы теннис турнирінің ерлер арасындағы жұптық сын жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, оған мегаполис басшысы Ерболат Досаев қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарлағандай, турнир Қазақстан теннис федерациясының ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Оған әлемдік рейтингтің үздік отыздығына кіретін теннисшілер бақ сынасты.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Үндістаннан келген Арджуна Кадхе мен Ритвика Боллипаллидің ерлер арасындағы жұптық санаттағы жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.

Ақтық сайыста олар колумбиялық Николас Баррьентос пен тунистік Скандер Мансуриден басым түсті.

«Сағат 15:00-де әлемнің 26-шы ракеткасы ресейлік Карен Хачанов пен канадалық Габриэль Диалло арасындағы жекелеген санаттағы финал басталды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, қала әкімдігі турнир кезінде жанкүйерлердің ыңғайлылығы үшін Almaty Arena спорт кешеніне дейін және кері бағытта тегін автобустар ұйымдастырды.

Almaty Arena аумағында ересектер мен балалар үшін теннис матчынан бөлек қызықты шаралар өткізілді: ойын аймақтары, фотоаймақтар, инсталляциялар, әуе шары және матчтардың онлайн көрсетілімдерімен жабдықталған амфитеатр болды.

ATP 250 сериясындағы турнирлер әлемнің 30 елінде өтеді. Бұл санатқа кіретін 40 турнирдің кез келгенінде жеңіске жету үшін теннисші ATP рейтингі бойынша 250 ұпай жинайды.

Турнирдің негізгі кестесінде Қазақстан атынан Александр Шевченко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев қатысты. Сондай-ақ, елдің намысын Михаил Кукушкин қорғады.

ATP 250 Almaty Open турнирінің жүлде қоры 1 миллион доллардан асады.

Оқи отырыңыз: Зарина Дияс Түркиядағы турнирдің жартылай финалына шықты